$ 509.94  593.88  6.43

Александр Бублик алғаш рет әлемдегі үздік ондыққа енді

Ол италиялық қарсыласынан басым түсті. 

Фото: Джоэл Марклунд/AELTC
Фото: Джоэл Марклунд/AELTC

Қазақстандық теннисші Александр Бублик жаңа жылды сенімді жеңіспен бастады, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы. 

ATP-250 санатындағы Гонконг турнирінің финалында Бублик әлемдік рейтингте үздік бестікке енетін италиялық Лоренцо Музеттимен кездесті.

Италиялық теннисші ­– жекелей сында екі ATP турнирінің жеңімпазы, Италия құрамасы сапында Дэвис кубогында екі рет (2023, 2024) топ жарған, сондай-ақ 2024 жылғы Олимпиада ойындарының қола жүлдегері.

Финалға дейін қарсыластар өзара үш рет кездесіп, жеке есепте 2:1 есебімен Бублик алда тұрған.

Кездесудің алғашқы партиясы тартысты өтті. Қазақстандық теннисші тай-брейкте 7:6 (7:2) есебімен жеңіске жетіп, сетте басымдыққа ие болды.

Екінші партияда да ойын тең дәрежеде өрбігенімен, Бублик алға шықты. 3:2 есебі тіркелген сәтте Музетти оң қолындағы жарақатына байланысты дәрігер көмегіне жүгінуге мәжбүр болды.

Осы үзілістен кейін Александр қарқынын одан әрі арттырып, есепті 4:2-ге жеткізді. Нәтижесінде екінші сет 6:3 есебімен аяқталып, қазақстандық теннисші чемпиондық атақты иеленді.

Бұл жеңіс Александр Бублик үшін тарихи мәнге ие. Ол мансабында алғаш рет әлемнің үздік он теннисшісінің қатарына еніп, Қазақстан теннисі тарихында бұрын-соңды болмаған жетістікке қол жеткізді.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары