DAR Team командасының бас бапкері Эдуард Базров шәкірті Шавкат Рахмоновтың октагонға қашан оралуы мүмкін екенін айтты, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Маманның айтуынша, Шавкат үшін қарсыластың кім болатыны аса маңызды емес.
«77 келіде екінші орында тұрсаң, кіммен төбелесетінің соншалықты маңызды емес. Ислам болсын, Камару Усман болсын – бәрі де мықты. Иэн Гэрри де, Пратес пен Маддалена да осал емес. Кімді берсе, сонымен шығамыз және сол стильге сай дайындаламыз. Қазіргі таңда Шавкатқа қатысты нақты қарсылас немесе жекпе-жек туралы ешқандай ұсыныс жоқ», – деді Эдуард Базров Betonmobile.ru-ға берген сұхбатында.
Бапкер жекпе-жекке сапалы дайындық үшін нақты қанша уақыт қажет екенін атап өтті.
Бізге кем дегенде екі жарым немесе үш ай дайындық керек. Шавкат қазірдің өзінде жаттығу жасап жүр, ол бабында. Бірақ бәрі жекпе-жек өтетін күн мен айға байланысты. Себебі қалыпты режимде жаттығу жасау бір басқа да, оқу-жаттығу жиындарынан өтіп, нақты қарсыласқа дайындалу – мүлде басқа. Сондықтан бір жарым ай бізге жеткіліксіз, – деп нақтылады Базров.
Айта кетейік, бұған дейін Шавкат Рахмоновқа UFC-дің бұрынғы чемпионы Джек Делла Маддалена мен Хоакин Бакли жекпе-жек өткізу туралы ұсыныс жасаған. Алайда қазақстандық файтер октагонға бір жылдан астам уақыттан бері шыққан жоқ. Естеріңізде болса, ол 2024 жылдың желтоқсанында ирландиялық Иэн Гэрриді төрешілер шешімімен жеңген.