23.01.2026, 23:30

«Бала кезден рингтен тыс жерде күш қолданба деп үйретті» – Серік Сәпиев

Фото: dknews.kz

"Сондықтан қандай да бір арандатушылыққа ермеймін". 

Лондон Олимпиадасының чемпионы, Қарағанды облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Серік Сәпиев бүгінгі жағдайға қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

«Әлеуметтік желілер мен бұқаралық ақпарат құралдарында тарап жатқан жағдайға байланысты жауап берейін деп шештім. Мен мемлекеттік қызметші ретінде өз міндетімді атқару барысында мемлекеттік қызметшінің әдеп қағидаттарын қатаң сақтаймын. Бала кезімнен бапкерлерім маған рингтен тыс жерлерде күш қолдануға болмайтынын үйреткен. Өз мүмкіндігімді жақсы бағаламаймын. Әрбір іс-әрекетім үшін жауапкершілік арқалайтынымды толық түсінемін. Сондықтан қандай да бір арандатушылыққа ермеймін. Мәселе толық қаралып, жабық деп есептеледі», - дейді Серік Сәпиев.

Бұған дейін бірқатар ақпарат көздерінде Қарағанды облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Серік Сәпиевтің соққыға жығылғаны туралы мәлімет тараған болатын. Алдын ала деректерде оған өз орынбасары, самбодан әлем және Азия чемпионы Дәурен Есімханов қол көтерді деген ақпарат айтылды.

Аталған оқиғаға қатысты Қарағанды облысының Полиция департаменті жанжал болғанын растады. Ведомствоның баспасөз қызметінің мәліметінше, ұрып-соғу дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалған.

«42 жастағы Қарағанды қаласының тұрғынының арызы негізінде ұрып-соғу дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Белгілі болғандай, 21 қаңтар күні қаладағы спорт кешендерінің бірінде екі ер адам арасында жанжал туындаған. Қазіргі уақытта полиция қызметкерлері болған оқиғаның барлық мән-жайын анықтау жұмыстарын жүргізуде. Тергеу мүддесіне байланысты өзге ақпарат жариялауға жатпайды», – деді Қарағанды облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметінің жетекшісі Бақытжан Құдияров.