24.01.2026, 18:30

«Бірде-бір балуан мені жеңе алмайды». Данияр Елеусінов кешегі төбелеске қатысты пікір білдірді

Фото: видеодан скрин

Оның айтуынша, Серік Сәпиевтің қазіргі салмағы шамамен 70 келі, ал қарсы тараптағы адамның дене бітімі әлдеқайда ірі.

Қазақстандық кәсіпқой боксшы Данияр Елеусінов әлеуметтік желі арқылы Серік Сәпиевке қатысты дау-дамайға қатысты пікір білдірді. Бұл туралы Sn.kz ақпарат порталы 1bol.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды. 

Елеусінов оқиғаның нақты қалай өрбігенінен бейхабар екенін атап өтті. Дегенмен, желіде тараған кейбір нұсқаларға күмәнмен қарайтынын жасырмады.

Оның айтуынша, Серік Сәпиевтің қазіргі салмағы шамамен 70 келі, ал қарсы тараптағы адамның дене бітімі әлдеқайда ірі. Осыған байланысты боксшы «итерді, бірақ күші жетпей қалды» деген болжамды түсіну қиын екенін жеткізді.

Одан кейін Данияр Елеусінов әңгіме арнасын спорт тақырыбына бұрып, жеке тәжірибесіне тоқталды. Оның сөзінше, ол ешқашан бетпе-бет келген төбелесте балуаннан жеңіліп көрмеген. Мұны атасының қазақша күреспен айналысқан, «жауырынын жерге тигізбеген» спортшы болғанымен байланыстырды.

Боксшы осы арқылы әрі күресті, әрі боксты жақсы меңгергенін атап өтіп, қажет болған жағдайда кез келген боксшы балуанды жеңе алатынына сенімді екенін айтты. Сонымен қатар ол биыл қайтадан рингке оралатынын мәлімдеп, боксты ешқашан төмендетуге болмайтынын жеткізді.

Алайда Елеусіновтің бұл пікірі желі қолданушылары арасында қызу талқы тудырды. Көпшілік оның сөзінен боксты тым жоғары қойып, күрес түрлерін кемсіту байқалады деп сын айтты. Әсіресе «5-6 ел жиналса, күрестен әлем чемпионатын өткізуге болады» деген пікірі көпшіліктің наразылығын туғызды.