Қазақстандық командалар қысқы трансфер кезеңінде әлемдік футбол жұлдыздарымен толығуда.
«Қайсар» футбол клубы 35 жастағы вингер Виктор Мозеспен келісімшартқа қол қойғанын ресми түрде жариялады. Қызылорда клубының басшылығы мен жаттықтырушылар штабы Нигерия құрамасының бұрынғы ойыншысының мол тәжірибесі мен шеберлігі команданың дамуына оң әсер етіп, жас футболшылардың өсіп-жетілуіне көмектеседі деп есептейді.
Виктор Мозес кәсіби мансабын «Кристал Пэлас» клубында бастап, кейін «Уиган Атлетикке» ауысты. Сол жерде ол «Челсидің» назарын өзіне аударды. Оның мансабындағы ең табысты кезең 2016/17 маусымына тұспа-тұс келді.
Мозес Антонио Конте жетекшілік еткен «Челси» сапында ойнап, Англия Премьер-лигасының чемпионы атанды. Сондай-ақ «Челси» құрамында Еуропа лигасын және Англия Кубогын жеңіп алды.