26.01.2026, 17:00

Әлем чемпионы Ризабек Айтмұқан әке атанды

Фото: Instagram/firuuuzka

Спортшылар отбасында қыз бала дүниеге келген.

Еркін күрестен Қазақстаннан шыққан тұңғыш әлем чемпионы Ризабек Айтмұқан әке атанды, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Айтмұханның жары Фируза перзентханадан шыққан сәтінен фотосуреттер жариялап, көпшілікпен қуанышты жаңалығын бөлісті. Спортшылар отбасында қыз бала дүниеге келген.

Еске салайық, Ризабек Айтмұқан 19 жасында еркін күрестен Белградта өткен әлем чемпионатында топ жарып, тарихи жетістіктің иесі атанған еді. Бұдан бөлек, бір жылдың ішінде ол 20 жасқа дейінгі және 23 жасқа дейінгі спортшылар арасындағы әлем чемпионаттарында да атой салды.

Алайда Ризабек Париж Олимпиадасына жолдама ала алған жоқ. 97 келі салмақ дәрежесінде өткен ішкі іріктеу барысында ол Әлішер Ерғалиға жол берді.

Қазіргі уақытта Ризабек олимпиадалық салмаққа ауысып, Азия чемпионатында екі мәрте финалға дейін жеткенімен, екеуінде де күміс жүлдемен шектелді.

Айта кетейік, Ризабек пен Фируза – отандық спорттағы танымал жұп. Себебі Фируза да спорттық гимнастикадан спорт шебері. Ерлі-зайыптылар 2025 жылдың сәуір айында шаңырақ көтерген.