28.01.2026, 14:00

«100 пайыз дайын боламыз»: Анарбеков әйгілі «Арсеналға» қарсы ойын жайында айтты

Фото: sports.kz

Анарбеков Англия чемпионатына бала кезден қызыққан.

«Қайрат» қақпашысы Темірлан Анарбеков Лондонда өткен баспасөз мәслихатында бүгін «Арсенал» клубына қарсы ойыны туралы өз ойын ортаға салды, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы. 

ASnews.kz мәліметінше, Анарбеков Англия чемпионатына бала кезден қызыққан.

«Бала кезімнен АПЛ командаларының ойындарын көріп өстім. Мұндағы эмоция мүлдем бөлек. Алла қаласа, ойын кезінде қандай сезімде болатынымызды көреміз.

Біз Чемпиондар лигасында мықты қарсыластарға қарсы біраз матч өткіздік. Алаңға жайдан-жай шықпаймыз, жүз пайыз дайын боламыз», – дейді Анарбеков.

Сонымен қатар ол Чемпиондар лигасындағы үздік 20 ойыншының қатарына кіргенін де сөз етті.

«Чемпиондар лигасының топ-20 ойыншысының қатарына ену мен үшін үлкен қысым, кедергі болмайды. Біз күн сайын бар күшімізді салып жүрміз. Осы үшін командаластарыма алғыс айтқым келеді», – дейді Анарбеков.

Еске сала кетейік, «Арсенал» мен «Қайрат» арасындағы Чемпиондар лигасының соңғы тур ойыны Лондондағы «Emirates Stadium» стадионында өтеді. Кездесу бүгін Қазақстан уақытымен 01:00-де басталады.