28.01.2026, 16:00

Дастан Сәтпаев танымал шетелдік басылымдардың назарына ілікті

Фото: instagram.com/d.satpayev

Осы аптада «Қайрат» Чемпиондар лигасындағы 16-шы және соңғы матчын өткізеді.

Дастан Сәтпаев лондондық басылымдардың назарына ілікті. Солардың бірі – Paininthearsenal, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Мақалада Дастан туралы былай делінеді:

– Егер «Арсенал» жанкүйерлері сәрсенбі күні «Қайрат» сапындағы ойыншылардың біріне назар аударғысы келсе, онда олардың назары Дастан Сәтпаевқа түсуі тиіс. Ол 2008 жылдың тамыз айында дүниеге келген. Бұл сізді өзіңізді кәрі сезіндіруі мүмкін. Себебі оның туған күнінен кейінгі күні Арсен Венгердің командасы Стив МакКларен баптаған «Твентені» Чемпиондар лигасының іріктеу кезеңінде жеңген еді. Ол матчта Уильям Галлас пен Эммануэль Адебайор гол соқты. 17 жастағы шабуылшы өткен маусымда Қазақстан чемпионатында 14 гол соқты. Сондай-ақ, Чемпиондар лигасында 4 голдың авторы атанды. Оның ішінде іріктеу кезеңінде «Копенгагенге» қарсы өткен матчтағы добы да бар. Қазіргі уақытта ол Лондонда жүргендіктен, Сәтпаев қаланы аралап көруі де мүмкін. Себебі биыл жазда, 18 жасқа толғаннан кейін, ол 4 миллион еуроға «Челси» клубының сапына қосылады. Ол «Стэмфорд Бриджде» болашақ жұлдыз бола ала ма? Бұл әзірге белгісіз. Алайда осы аптада өз атын шығарғысы келетіні анық, – деп жазады лондондық басылым. 

Айта кетейік, «Арсенал» Чемпиондар лигасында тамаша нәтиже көрсетіп келеді. Өткен сейсенбіде Габриэль Жезустың дубль жасауы «Интерді» 3:1 есебімен жеңуге көмектесті. Микель Артета жаттықтыратын команда топтық кезеңде 7 матчтың барлығында жеңіске жетіп, 20 гол соғып, небәрі 2 гол жіберді. Бұл «Арсеналға» 1/8 финалға тікелей шығуға мүмкіндік беріп отыр.

Ал «Қайрат» соңғы 7 матчтың 6-уында жеңіліп, 19 гол жіберген. Жалғыз ұпайын олар қазан айында «Пафосқа» қарсы өткен матчта (0:0) еншіледі.

Осы аптада «Қайрат» Чемпиондар лигасындағы 16-шы және соңғы матчын өткізеді. Ал «Арсенал» бұл маусымда 23 матч ойнаған.