30.01.2026, 21:30

Ресейдің үш дүркін Олимпиада чемпионы Қазақстан намысын қорғайтын болды

Фото: РБК

Биылғы бәсекеде жалпы саны 71 спортшы сынға түседі.

Италияда өтетін Moonlight Classic турниріне ресейлік атақты шаңғышы үш дүркін Олимпиада чемпионы Александр Большунов Қазақстан құрамасының атынан тіркелгені белгілі болды, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Бұл ақпаратты ресейлік "РБК Спорт" басылымы таратты.

Аталған жағдайға Ресейдің шаңғы спорты федерациясы пікір білдірді. Федерация мүшесі Сергей Кряниннің айтуынша, спортшының Қазақстан туы астында өнер көрсетуі жарыс ұйымдастырушылардың техникалық шешімі болуы ықтимал. Ол бұл өтінішке өзі қатыспағанын және нақты мән-жайды Большуновтың өзі түсіндіре алатынын атап өтті.

Moonlight Classic додасының 30 шақырымға созылатын түнгі кезеңіне арналған жарысына Большунов Қазақстан атынан шығады. Байрақты дода бүгін өз жалауын көтереді.

Биылғы бәсекеде жалпы саны 71 спортшы сынға түседі.

Айта кету керек, Александр Большунов 2025 жылы дәл осы турнирде топ жарған. Сонымен қатар, оның 2026 жылғы Олимпиада ойындарына бейтарап спортшы ретінде қатысу туралы өтінішін Спорттық арбитраж соты (CAS) тарапынан қабылданбағаны да белгілі.

29 жастағы спортшы – үш дүркін Олимпиада чемпионы, Әлем кубогының екі мәрте жеңімпазы әрі әлем чемпионы.