31.01.2026, 17:30

Елена Рыбакина Australian Open турнирінің чемпионы атанды

Фото: sports.kz

Отандасымыз Арина Соболенконы үш сетке созылған тартысты кездесуде жеңді.

Қазақстанның бірінші ракеткасы Елена Рыбакина 2026 жылғы Australian Open турнирінде топ жарып, мансабындағы екінші «Үлкен дулыға» атағын жеңіп алды, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Мельбурнде өткен финалда қазақстандық теннисші Беларусь өкілі, әлемнің үздік ойыншыларының бірі Арина Соболенконы үш сетке созылған тартысты кездесуде жеңді — 6:4, 4:6, 6:4.

Шешуші үшінші партияда Рыбакина 0:3 есебімен ұтылып жатқан. Алайда ол мінез көрсетіп, ойын барысын толық өз қолына алып, матчтың тағдырын өзгертіп жіберді. Нәтижесінде Елена керемет камбэк жасап, чемпиондық титулды еншіледі.

Осы жеңіспен Елена Рыбакина мансабындағы ең ірі титулдарын мына тізімге қосты:

Уимблдон-2022

Маусым қорытындысы турнирі (WTA Finals)-2025

Australian Open-2026

Ал жалпы Рыбакинаның еншісінде WTA деңгейіндегі 12 титул бар.

Арина Соболенко финалға дейін 11 матч қатарынан жеңіп келген еді. Australian Open алдында белорустық теннисші Брисбен турнирінде чемпион атанып, үздік формада болған. Оның соңғы жеңілісі де дәл осы Рыбакинаға қарсы — финалда тіркелген.

Бұл финал Рыбакина мен Соболенко арасындағы 15-ші матч болды. Қазіргі таңда жеке кездесулердегі есеп — 8:7, әлі де Соболенконың пайдасына.

Айта кетейік, Australian Open-тегі жеңістен кейін Елена Рыбакина әлемдік рейтингте тағы жоғарылап, әлемнің үшінші ракеткасы атанды.