Қазақстандық аралас жекпе-жек шебері Шавкат Рахмонов октагонға шықпауына не себеп болғанын айтты, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Спортшы Х желісінде жарияланған жазбасында екінші рет ота жасатқанын және октагонға шығатын уақыты тағы да кейінге қалдырылғанын мәлімдеді.
– Жауынгердің жолы ешқашан оңай болған емес. Өмір бізге жеңе алмайтын қиындықтарды бермейді. Әрбір арманның өз құны бар, кейде бұл денсаулыққа байланысты болуы мүмкін. Бүгін шынымды айтсам, жарақатыма байланысты тағы бір ота жасатуға тура келді және толық қалпына келу үшін уақыт қажет. Сондықтан менің октагонға оралуым кейінге қалдырылды, - деді Шавкат Рахмонов.
Бұл өзі үшін ауыр жаңалық болғанын атап өтті.
– Мұны қабылдау қиын, бірақ мен әрбір шегіну үлкен жоспардың бір бөлігі екеніне шын жүректен сенемін. Мен бұрынғыдан да күштірек, ақылдырақ және аш болып ораламын. Мақсатым бұрынғыдай. UFC белбеуін Қазақстанға әкелуім керек. Қандай жағдай болмасын, менімен бірге болған жандарға рақмет, - деді Рахмонов.
Алдын ала мәлімет бойынша, Рахмоновты қалпына келтіру үшін кем дегенде 9 ай қажет.
Бір күн бұрын жанкүйерлер оның Алматыдағы Naiza турнирінде аяғындағы жарақатына байланысты балдақпен жүргенін байқаған.
2025 жылдың мамырында спортшыға операция жасалған болатын.