01.02.2026, 19:30

«Титулдарын алып қояды»: Жәнібек Әлімханұлына қатысты тың ақпар шықты

Фото: kazlenta.kz

Бір себебі бар шығар.

Мәскеу Олимпиадасының күміс жүлдегері, Қазақстан кәсіпқой бокс федерациясының бұрынғы президенті Виктор Демьяненко орта салмақта WBO және IBF тұжырымдары бойынша әлем чемпионы Жәнібек Әлімханұлының қазіргі ахуалына қатысты пікір білдіріп, оқиғаның қалай өрбуі мүмкін екенін тарқатып айтты, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Бокс ардагерінің сөзінше, Әлімханұлының тағдыры промоутерлер мен менеджерлердің халықаралық ұйымдармен қалай келіссөз жүргізетініне байланысты шешіледі.

«Промоутер, менеджер бар – солар федерациялармен отырып, титул мәселесін өзара шешеді. Боксшының қанша уақытқа шеттетілетіні сол келіссөздер барысында анықталады», – дейді ол.

Демьяненко Жәнібектің біріктіруші жекпе-жек өткізуі тиіс болғанын еске салып, допинг дауының жағдайды түгел өзгертіп жібергенін алға тартты.

«Ол титулдарды біріктіретін айқасқа шығуы керек еді. Жағдайдың осылай өрбігені өкінішті. Енді федерациялар қандай жаза қолданатынын айтады. Бірақ алдымен мәселенің мән-жайы жан-жақты зерттеледі. Мельдронаттың ағзаға қалай түскені анықталады. Бір себебі бар шығар. «Канело» кезінде жеген еті дәріленгенін дәлелдеп шыққан. Негізі мельдоний – допинг емес, ол жүрек бұлшықетін қалпына келтіретін препарат ретінде қолданылады», – деді маман.

Ардагер боксшы Жәнібектің титулдардан айырылатынын да жоққа шығармады.

«Егер бір жылға немесе одан да көп уақытқа шеттетілсе, сол аралықта титулдарын қорғай алмайтыны анық, тиісінше федерациялар белбеулерді алып, басқа боксшылар арасында сарапқа салады. Себебі олар сол титулдар арқылы табыс табады», – дейді ол.

Соған қарамастан, Виктор Демьяненко Жәнібек Әлімханұлының мансабы мұнымен аяқталмайтынына сенімді.

«Рейтингте төмендеуі мүмкін. Бірақ ол бәрібір танымал боксшы болып қала береді. Есімі ел аузында, қарсыластары бар. Мұндай деңгейдегі спортшы бәрібір титулға қол жеткізеді. Денсаулығы сыр бермесе болды», – деді маман.

Сөз соңында ардагер боксшы дисквалификация мерзімі ұзақ болмайды деген үмітін де жасырмады.

«Менің ойымша, бұл ұзақ мерзімге созылмайды», – деп түйіндеді Виктор Демьяненко.