02.02.2026, 10:40

Елена Рыбакина әлемнің үшінші ракеткасы атанды

Фото: WTA

Рыбакина бұл нәтижеге Australian Open турниріндегі жеңісінен кейін қол жеткізді.

Қазақстандық теннисші Елена Рыбакина WTA жаңартылған рейтингінде екі сатыға жоғарылап, ресми түрде әлемнің үшінші ракеткасы атанды, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Рыбакина бұл нәтижеге Australian Open турниріндегі жеңісінен кейін қол жеткізді. Үлкен дулыға додасындағы триумф оған 2000 рейтингтік ұпай әкелді. Қазір қазақстандық спортшының еншісінде 7610 ұпай бар. Бұл көрсеткіш оны рейтингтің екінші орнында тұрған Польша теннисшісі Ига Швёнтектен небәрі 368 ұпайға ғана төмен орналастырды.

Ал Australian Open финалында жеңіліс тапқанына қарамастан, Беларусь өкілі Арина Соболенко WTA рейтингінде әлемнің бірінші ракеткасы мәртебесін сақтап қалды.

Қазақстанның тағы бір теннисшісі Юлия Путинцева да WTA рейтингінде айтарлықтай ілгеріледі. Ол бірден 24 орынға көтеріліп, қазіргі таңда 70-сатыға жайғасты. Путинцеваның қоржынында 909 ұпай бар.

Айта кетейік, Australian Open финалында Арина Соболенконы жеңген матч Рыбакина үшін топ-10 құрамындағы қарсыластарға қарсы қатарынан оныншы жеңіс болды. Сонымен қатар ол жеке сында Уимблдон-2022-ден кейінгі екінші Grand Slam титулын, ал жалпы мансабындағы 12-ші чемпиондығын жеңіп алды.