03.02.2026, 16:00

Шавкат Рахмоновты UFC рейтингінен алып тастады

© UFC Eurasia

Шавкат Рахмонов тізе жарақатына байланысты алдағы 9-10 ай көлемінде октагонға шыға алмайды. 

Шавкат Рахмоновтың мансабында күрделі кезең басталды. Соңғы мәліметтерге сәйкес, Шавкат UFC-дің ресми сайтындағы өз дивизионының рейтингінен алынып тасталды, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы. 

Бұған дейін Рахмонов жартылай орта салмақ рейтингінде екінші орында тұрған және чемпиондық белбеуге басты үміткерлердің бірі ретінде қарастырылып келген еді. Алайда жаңартылған тізімде оның есімі жоқ. Бұған спортшының қайта өршіген жарақаты басты себеп болып отыр.

Шавкат тізесін тағы да жарақаттап, жуырда ота жасатқан. Дәрігерлердің болжамынша, қазақстандық спортшы алдағы 9-10 ай бойы октагонға шыға алмайды. Айта кету керек, бұл Шавкаттың мансабындағы алғашқы ұзақ үзіліс емес. Бұған дейін де ол дәл осы тізе жарақатына байланысты бір жылдан астам уақытқа жекпе-жектерден шет қалған болатын.

Ұзақ уақыт бойы белсенді өнер көрсетпеген спортшылардың рейтингтен уақытша шығарылуы UFC тәжірибесінде қалыпты жағдай. Осыған байланысты лига басшылығы чемпиондық жарыста басқа үміткерлерге мүмкіндік беруді жөн көрген секілді.  Қазіргі таңда жартылай орта салмақ рейтингінің көшін Джек Делла Маддалена бастап тұр. Екінші орынға Иэн Гэрри көтерілсе, үздік үштікті Майкл Моралес түйіндеп отыр.

Соған қарамастан, Шавкат Рахмоновтың жанкүйерлер алдындағы беделі мен оның чемпиондыққа деген талпынысы бәсеңдеген жоқ. Жақында Алматыда өткен Naiza лигасының турнирінде оның балдақпен жүргені көпшіліктің назарын аударды. Кейінірек бапкері Эдуард Базров спортшының денсаулығында мәселе бар екенін растады.