Жақсы нәтиже көрсетуге үміттімін!
Әлемдік рейтингте үшінші орында тұрған қазақстандық теннисші Елена Рыбакина Australian Open–2026 турниріндегі жеңісінен кейін денсаулығына байланысты қиындықтар болғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Қазіргі уақытта Рыбакина Катарға келіп, Дохада өтетін, жүлде қоры 4 миллион доллардан асатын ірі турнирге қатысуға дайындалып жатыр.
«Мұнда қайта оралғаныма қуаныштымын, матчтардың басталуын асыға күтіп жүрмін. Australian Open аяқталғанына көп уақыт өтпесе де, аздап демалуға мүмкіндік болды. Осы турнирде ойнап, жинаған қарқынымды сақтағым келеді. Жақсы нәтиже көрсетуге үміттімін», — деді теннисші Tennis Majors басылымына берген сұхбатында.
Айтуынша, елге қайтар жолда суық тиіп, бірнеше күн бойы толыққанды демалуға мәжбүр болған.
«Бірнеше күн ештеңе істемей, тынықтым. Жол сөмкелерін жинастырып жүргенде уақыттың қалай өткенін де байқамай қалыппын. Қазір осындамын (күледі). Алдағы матчтарға жақсы импульс бар деп ойлаймын» деп қосты Рыбакина.