Ол оның орнына Арменияда Марсель Нұрланбековпен жұдырықтаспақ.
Танымал актер әрі поп-ММА өкілі Еркебұлан Тоқтар бұған дейін үш айға АҚШ-қа көшіп кеткен еді. Ал бірнеше күн бұрын ол елге қайта оралды, деп жазады Sn.kz ақпарат порталы.
Өнер иесінің айтуынша, жоспарланған жекпе-жегі өтпейтін болған. Ол оның орнына Арменияда Марсель Нұрланбековпен жұдырықтаспақ.
“Мен АҚШ-қа кеткен кезде кезекті жекпе-жегім ММА бойынша өтуі керек еді, мен сондықтан дайындалуға бардым. Себебі ол жақта 50-60 адам жүреді, дайындалуға серіктес өте көп. Осыған байланысты ММА бойынша тез дамисың. Бірақ ол өтпейтін болды”, – деді ол.
Поп-ММА өкілі келесі жұдырықтасуына бокс арқылы дайындалатынын, ал боксқа елімізде де жақсы дайындалуға болатынын айтты.
“Сөйтіп Марсель Нұрланбековпен жұдырықтасатын болдым. Ал оған мен бокс арқылы дайындаламын. Бокс бойынша мені Әлішерден артық кім дайындайды? Иә, мен жаттықтырушылар іздедім, бірақ босктың отаны Лос-Анджелесте, ал Майамиден іздеу керек болады. Бізде іздемейсің, екінің бірі боксшы деуге болады. Сөйтіп Алматыға қайтып кеттім”, – деді ол.
Айта кетейік, Еркебұлан Тоқтар қазіргі таңда ең танымал медиа жауынгеріне айналды. Ол соңғы жекпе-жегін 27 желтоқсанда Ташкенттегі "Хумо Аренада" өткізді. Жерлесіміз өзбекстандық Тимур Никулинмен жұдырықтасып, айқасты алғашқы раундта техникалық нокаутпен жеңді.