Олимпиада — бұл спорттың шыңы.
Әбиба Әбужақынова Италияда өтіп жатқан қысқы Олимпиадада ел намысын қорғап жатқан ұлттық құраманы қолдауға шақырды, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Дзюдодан Қазақстан әйелдер құрамасының көшбасшысы әлеуметтік желідегі парақшасында жазба жариялап, жанкүйерлерге үндеу жасады.
«Құрметті спорт сүйер қауым, достар!
Кез келген спортшыға шабыт беріп қанаттандыратын ол сіздердің қолдауларыңыз!
Олимпиада — бұл спорттың шыңы, бұл жерге әлсіздер келмейді, кілең мықтылар жиналады. Италияда ел намысын қорғап жатқан спортшыларды сынап емес, қолдау білдірейік. Барлық айтылған сын-пікірлер спортшылардың психологиясына тікелей әсер етеді. Олардың сіздерден басқа еш қолдаушылары жоқ. Олимпиаданың аяқталуына әлі 10 күн бар. Бұл уақыт әлі нақты нәтиже көрсетуге мүмкіндіктің мол екенін көрсетеді. Сондықтан барлықтарыңызды спортшыларымызды қорлауға емес, қолдауға шақырамын», — деп жазды ол.
Айта кетейік, 2026 жылғы Қысқы Олимпиада ойындары 6-22 ақпан аралығында Италияда өтіп жатыр. Әлемдік додада 16 спорт түрінен 116 олимпиадалық және 79 паралимпиадалық медаль жиынтығы сарапқа салынуда.
Еске сала кетейік, еліміздің туы қысқы Олимпиада тұғырында соңғы рет 2018 жылы желбіреген еді. Пхенчханда өткен додада отандасымыз Юлия Галышева могул жарысында қола жүлде иеленген болатын. Содан бері жанкүйерлер жаңа жеңістерді асыға күтіп отыр.