14.02.2026, 06:00

Михаил Шайдоров: Олимпиадаға бес жыл бойы дайындалдым (ВИДЕО)

Фото: ҰОК

"Шынымды айтсам, бұған сене алмадым".

Италияда өтіп жатқан XXV қысқы Олимпиада ойындарында қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы Михаил Шайдоров тарихи жетістікке қол жеткізді. Ол еркін бағдарламада 198.64 ұпай жинап, жалпы есепте 291.58 ұпаймен қысқы Олимпиада ойындарының чемпионы атанды, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Михаил Шайдоров Олимпиада-2026 ойындарында алтын медаль жеңіп алғаннан кейін "Qazsport" телеарнасына берген сұхбатында өз әсерімен бөлісті. 

- Шынымды айтсам, бұған сене алмадым. Себебі бүкіл маусым бойы өз-өзіммен күрестім. Бұл маусым мен үшін өте ауыр өтті. Жарыстарда бес бірдей төрттік секіруді орындауға шамамен үш рет талпынып көрдім. Бірақ, бірде-бір рет жүзеге аспады. Ал бүгін бәрі сәтімен келді. Қолымнан келгеннің бәрін жасадым. Осы Олимпиадаға шамамен бес жыл бойы дайындалдым. Маусым бойы Олимпиадада өз жұмысымды мінсіз орындауды ғана қаладым және бүгін соған қол жеткіздім. Бұл медальді бүкіл Қазақстанға арнағым келеді, – деді Шайдоров.

Қысқа бағдарламадан кейін Михаил Шайдоров бесінші орында тұрған еді. Алайда жалпы 291.58 ұпай жинап, нәтижесінде бірінші орынға көтеріліп, алтын жүлде жеңіп алды.