29 жастағы Алтынбекова «Астана» құрамына Индонезияның Yogya Falcons клубынан ауысып келген болатын.
Қазақстандық танымал волейболшы Сәбина Алтынбекова елордалық «Астана» клубынан кетті. Бұл туралы «Инсайды волейбол KZ» Telegram-арнасы жазды, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Әлеуметтік желілерде бір миллионнан астам оқырманы бар Алтынбекова 2025 жылдың қыркүйегінде «Астанамен» келісімшартқа қол қойғанын жариялаған еді. Алайда биылдан бастап бұл ұжымда өнер көрсетпейді.
«Қазақстандағы ең танымал волейболшы Сәбина Алтынбекова биылғы маусымда «Астана» сапында алаңға шықпайды. Қолда бар ақпаратқа сәйкес, спортшы «Астана» ВК-мен келісімшартын үзген», – делінген хабарламада.
29 жастағы Алтынбекова «Астана» құрамына Индонезияның Yogya Falcons клубынан ауысып келген болатын. Биылғы маусымда команда 18 матч өткізсе де, бірде-бір жеңіске жете алмай, ел чемпионатының турнирлік кестесінде соңғы орында тұр.
Бұған дейін Сәбина жапониялық «GSS Sunbeams» пен БАӘ-нің «Al-Wasl» клубтарының намысын қорғады. «Al-Wasl» сапында ол Араб лигасының чемпионы атанды.
Айта кетейік, Алтынбекова 17 жасынан бастап Қазақстанның түрлі жас санатындағы ұлттық құрамаларына шақырылып келеді. Ал 2014 жылы жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионатында жарқырап көрініп, турнирдің ең сұлу спортшысы атанған еді.