Станислав Шайдоров – ұлының жеңісінің артында тұрған, еңбегі сіңген, қажырлы жан.
Белгілі кәсіпкер Арсен Томский Олимпиада чемпионы Михаил Шайдоровдың әкесі әрі алғашқы бапкері Станислав Шайдоровқа құрмет ретінде Audi Q8 автокөлігін сыйлады. Кәсіпкер бұл қуанышты сәтті әлеуметтік желідегі парақшасында бөлісті, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Томскийдің айтуынша, Станислав Шайдоров – ұлының жеңісінің артында тұрған, еңбегі сіңген, қажырлы жан.
«Мен бұл автокөлікті Олимпиада чемпионы Михаил Шайдоровдың әкесі – Станислав Шайдоровқа сыйладым. Ол – ұлының алғашқы бапкері әрі осы тарихи жеңістің бастауында тұрған адам. Михаил әлемге өзінің өнерін көрсетіп, Қазақстан мен шетелде миллиондаған адамдарға шабыт сыйлады. Бірақ бұл алтын медальдің артында күнделікті еңбек, темірдей тәртіп пен өзін-өзі құрбан етуге толы ұзақ жылдар жатқанын білу қажет», – деді кәсіпкер.
Сондай-ақ Томский бұрынғы жылдары Станислав Шайдоров ұлының спорттағы жолын қолдау үшін өз көлігін сатқанын атап өтті. «Бір кездері ол ұлының шыңға жету жолын қолдау үшін өз көлігін сатуға мәжбүр болған. Бұл мен үшін өте маңызды оқиға. Мен де екі рет өз көлігімді осындай сенімді іс үшін саттым: бірде команданың жалақысын төлеу үшін, енді бірде қаржы жетіспеген кезде Якутия құрамасын киберспорт чемпионатына жіберу үшін», – деді Арсен Томский.
Көлікті табыстау сәтінде Михаилдың әкесі эмоциясын жасыра алмады. «Станислав Александрович көлікті тапсыру кезінде көз жасына ерік берді. Бұл – ұлымен бірге ұзақ жолдан өткен, сенімінің Олимпиада алтынына айналғанын көрген адамның эмоциясы», – деп жазды Томский.
Жазбаның соңында кәсіпкер үлкен жеңістердің артында әрдайым сенім тұрғанын атап өтті: «Әрбір чемпионның артында бір күні: “Мен саған сенемін” деген адам тұрады. Ұлы жеңістер әрқашан сенімнен басталады. Шайдоровтар отбасына және бүкіл Қазақстанға жаңа жеңістер, қуаныш пен мақтанышқа толы сәттер тілеймін!»