24.02.2026, 10:00

WBO Жәнібек Әлімханұлын чемпиондық атақтан неліктен айырмағанын айтты

Фото: instagram.com/qazaqstyle

Мұның астарында қаржы мәселесі жатыр.

Америкалық сарапшы Бернардо Пилатти Дүниежүзілік бокс ұйымы (WBO) қазақстандық былғары қолғап шебері Жәнібек Әлімханұлын неліктен чемпиондық атағынан айырмағанын түсіндірді, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Пилаттидің пікірінше, мұның астарында қаржы мәселесі жатыр.

«WBO коммерциялық емес ұйым. Дегенмен олар да өзге бокс ұйымдары сияқты чемпиондардан санкциялық жарна жинап отыруы керек. Әйтпесе ұйым өмір сүре алмайды. Бұл - қалыпты жағдай. Бірақ мұны жасырмай, өздері ашық айтуы керек еді деп ойлаймын. «Біз табыс табу үшін жұмыс істейміз» деп нақты мәлімдесе, ешкім айыптамайды ғой. Бәріне ақша қажет. Сондықтан WBO үшін Әлімханұлының чемпион болып қалғаны маңызды», - деді Пилатти.

Еске сала кетейік, Жәнібек Әлімханұлы орта салмақта IBF тұжырымы бойынша да әлем чемпионы. Дегенмен Халықаралық бокс федерациясы (IBF) бұл мәселеге қатысты әзірге ресми шешімін жариялаған жоқ.