$ 501.75  591.96  6.52

«Өте ұзақ жазылады»: Шавкат Рахмоновтың операциядан кейінгі жағдайы белгілі болды

Мәселе тудырған – аяғы.

Фото: instagram.com/dar
Фото: instagram.com/dar

Қазақстандық UFC жауынгері Шавкат Рахмоновтың бапкері Эдуард Базров «Чемпионат» басылымына берген сұхбатында спортшының денсаулығы туралы соңғы ақпаратпен бөлісті, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Базровтың айтуынша, Германияда жасалған хирургиялық ота сәтті өткен. Қазіргі таңда қалпына келу процесі жоспарға сай жүріп жатыр, ал Рахмоновтың өзі позитивті көңіл күйде және октагонға оралуға бар күшін салып отыр.

«Жекпе-жекті түсінетін, Шавкат Рахмоновтың кім екенін білетін адамдар оған қатты алаңдайды. Бұл – ескі, өте ескі жарақат. Мұндай операция оған жастау кезінде де жасалған, уақыт өте келе қайта қажет болды. Мәселе тудырған – аяғы. Сондықтан оңалту процесі ұзап кетті. Кейбір жайттар бар, олар туралы қазір айта алмаймын. Бірақ жалпы алғанда, Германияда жасалған операция сәтті өтті. Ережесіз жекпе-жек жанкүйерлері біледі, спортшылар үшін айқас байланыстары (крестообразные связки) өте ұзақ уақыт жазылады. Терең әрі ауқымды реабилитация қажет. Жаттығуға тек толық оңалтудан кейін ғана оралуға болады. Бұл – кем дегенде алты ай», – деді Базров.

Бұған дейін Рахмонов октагонға оралуы ауыр жарақатына байланысты белгісіз мерзімге шегерілгенін мәлімдеген болатын. Көп ұзамай Ultimate Fighting Championship (UFC) қазақстандық файтерді жартылай орта салмақ рейтингінен шығарып тастады. Ол бұл дивизионда екінші орында тұрған еді.

Соңғы жекпе-жегін Рахмонов 2024 жылдың 7 желтоқсанында ирландиялық Иэн Гэрри қарсы өткізді. Ол кезде Гэрри 15-0 есебімен жеңіліс көрмеген спортшы болатын. Жекпе-жек қазақстандық файтердің төрешілердің бірауызды шешімімен жеңісімен аяқталды. Дәл осы кездесуде ол ауыр жарақат алып, соның салдарынан 2025 жылды толық өткізіп алды.

Алғашында спортшы 2026 жылдың басында оралады деп күтілген. Алайда жаңа жарақат бұл жоспарды тағы да өзгертіп отыр. Инсайдерлік ақпараттарға сәйкес, толық қалпына келу процесі тоғыз айдан он айға дейін созылуы мүмкін. Бұл жағдай оның дивизиондағы чемпиондық белбеу үшін таласына да әсер етуі ықтимал.

 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0