Алматы әкімі Дархан Сатыбалды өткен Олимпиада ойындарында ел намысын қорғаған барлық спортшыға алғыс білдірді.
Алматыда Almaty Arena спорт кешенінің алаңында XXV қысқы Олимпиада ойындарының жүлдегері мен қатысушыларына арналған салтанатты марапаттау рәсімі өтті. Іс-шараға спорт ардагерлері, олимпиада чемпиондары, белгілі бапкерлер, спорт қауымдастығының өкілдері және қала тұрғындары қатысты, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Алматы әкімі Дархан Сатыбалды өткен Олимпиада ойындарында ел намысын қорғаған барлық спортшыға алғыс білдірді.
«Алматылықтардың атынан Михаил Шайдоровты тарихи жетістігімен шын жүректен құттықтаймын. Мәнерлеп сырғанаудан Олимпиада жүлдесін жеңіп алу — бұл аса жоғары жетістік әрі бүкіл Қазақстан үшін үлкен мақтаныш», — деді Дархан Сатыбалды.
Қала басшысы сондай-ақ Евгений Кошкин, Ростислав Хохлов, Данил Васильев және ең жас спортшы — Илья Мизерныхтың еңбегін ерекше атап өтті. Илья Мизерных тұғырдан секіру бойынша еліміздің тарихындағы ең үздік нәтижені көрсетіп, Олимпиадада үздік ондыққа енді.