25.03.2026, 18:30

Дастан Сәтпаев әлемдік футболдағы үздік 50 вундеркинд қатарына енді

Фото: penalty.kz

Алматылық «Қайрат» клубының өкілі NXGN 2026 рейтингінде 43-орыннан көрінді.

Беделді Goal басылымы қазақстандық шабуылшы Дастан Сәтпаевты әлем футболындағы ең үздік 50 жас таланттың қатарына енгізді, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы. 

Алматылық «Қайрат» клубының өкілі NXGN 2026 рейтингінде 43-орыннан көрінді.

«43. Дастан Сәтпаев («Қайрат», Алматы)

Қазақстаннан шыққан ұлы футболшылардың есімі көпшіліктің ойына бірден келе бермейді. Алайда Дастан Сәтпаев осы ұғымды өзгертіп, әлем жанкүйерлеріне өз елінен шыққан кем дегенде бір жұлдыз бар екенін дәлелдеуге жақын. «Қайрат» сапында жарқырай көрінген 17 жастағы шабуылшыға «Челси» қызығушылық танытып, оны жазда «Стэмфорд Бриджге» ауыстыру үшін төрт миллион еуро көлемінде келісім жасады», - делінген мақалада.

Сонымен қатар автор Сәтпаевтың Чемпиондар лигасында гол соққан ең жас футболшылардың бірі екенін атап өткен:

«Чемпиондар лигасында гол соққан ең жас футболшылардан Ансу Фати мен Ламин Ямаль ғана Сәтпаевтың алдын орап тұр. Сондай-ақ ол Қазақстан құрамасы тарихында ең жас дебютант әрі гол авторы атанған».

Басылым футболшының шеберлігіне де тоқталған.

«Ойын мәнері мен шабуылды аяқтау шеберлігі тұрғысынан оны Серхио Агуэроға ұқсатады. 2025 жылғы Қазақстан чемпионатында ол 14 гол соғып, 7 нәтижелі пас берді. Енді оның BlueCo жүйесіне өткеннен кейін жаңа деңгейге қалай бейімделетіні қызық», – делінген материалда.

Айта кетейік, Goal нұсқасы бойынша әлемнің ең үздік жас футболшыларының алғашқы үштігіне «Барселона» ойыншысы Ламин Ямаль, «Челси» өкілі Эстеван және тағы бір каталондық клуб қорғаушысы Пау Кубарси енді.