27.03.2026, 21:30

«Жеңгенге алақайлап, бөрікті аспанға ататын сәт емес»: Журналист қазақстандық футболшылар туралы

Фото: penalty.kz

Біреуге күлмес бұрын сәл өзімізге қарайық.

Спорт журналисі Аслан Қаженов әлеуметтік желіде Қазақстан мен Намибия құрамалары арасындағы ойын алдында болған жағдайға қатысты өз ойын білдірді, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Ол Намибия құрамасының бас бапкеріне сұрақ жолдаған қазақстандық тілшінің әрекетін қатаң сынады. 

«Әлеуметтік желіде футболдан Қазақстан-Намибия кездесуі алындағы келеңсіз жағдай тарап жатыр. Қазақстандық журналист сұрағанына Намибия құрамасының бас бапкері қарымта сұрақ қояды. «Ал, сіз біздің ел туралы не білесіз?» — деп. Сол кезде анау шәйді. «Ол — Африканың бір мемлекеті және барлық құрамасын қоса алғандағы құны Дастан Сәтпаевқа жетпейді» — дейді. Болды. Басқа ештеңе айтпады. Қонаққа келген әлсіз команданы жерге тығып, басына секіру ғой», — деп жазды ол.

Сондай-ақ, ол Қазақстан құрамасының қазіргі жағдайын ескеріп, асыра мақтауға негіз жоқ екенін айтты. 

«Дәл осылай біздің ел туралы Испания не Франция тілшілері айтса, кәдімгідей ренжіп қаламыз ғой. Хотя олар айтпайды. Тіпті, рейтингте әлдеқайда төмен тұрса да бізді жеңіп кеткен Фарер аралдарының өзі бұлай прикол ұстамаған. Ал, біз керемет «қонақжайлық» танытып жатырмыз. Ертең енді Комор аралдарымен матчта осылай ірітіп тұрмасақ болды. Қазір біреуге күлетін жағдайда емеспіз. Осы командаларды түйрегенге мәз болып, жеңгенге алақайлап, бөрікті аспанға ататын сәт емес. Барынша салқынқанды болып, жай жолдастық матч қой, осы арқылы командалық ойынды қойып алу керек.

Айтпақшы, әлгі тілші сүйкеп өткен Коллин Бежамин Германия чемпионатында «Гамбург» сапында доп тепкен. Бір емес, бірнеше маусым негізгі ойыншысы болды. Яғни, Дастанның болашақта бағындыратын биігін ол өткен шақта бағындырып тастаған. Сондықтан, біреуге күлмес бұрын сәл өзімізге қарайық. Беталды далақтай бермейік», — деп жазды Аслан Қаженов.

Қазақстан ұлттық футбол құрамасы Астанада өтіп жатқан жаңа FIFA Series турнирінің алғашқы матчында Намибияны жеңді. “Астана Аренада” өткен кездесу алаң иелерінің 2:0 есебімен сенімді жеңісімен аяқталды. Бұл жеңіс Қазақстан құрамасына турнирдегі алғашқы үш ұпайды сыйлады.

Айта кетейік, жарыс аясында елордада Комор аралдары ұлттық құрамасы да өнер көрсетеді. Оларға қарсы матч 31 наурызға жоспарланған. Бастапқыда турнирге Кувейт ұлттық құрамасы да қатысуы тиіс болған, алайда команда жарыстан бас тартты.