30.03.2026, 10:40

Бокстан Азия чемпионаты: Спортшыларымыздың қарсыласы белгілі болды

Фото: Optimist.kz

90 келіден жоғары салмақта Айбек Оралбай жарысты жартылай финалдан бастайды.  

28 наурыз бен 11 сәуір аралығында Моңғолия астанасы Ұлан-Батырда бокстан Азия чемпионаты өтеді, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Беделді дода World Boxing ұйымының қолдауымен ұйымдастырылып отыр. 29 наурыз күні жарыстың жеребесі тартылып, қазақстандық боксшылардың қарсыластары анықталды. 90 келіден жоғары салмақта Айбек Оралбай жарысты жартылай финалдан бастайды. 50 келіде Санжар Ташкенбай ширек финалда қырғызстандық Бекзат Ергешов пен үндістандық Вишванат Суреш арасындағы кездесудің жеңімпазымен қолғап түйістіреді. 55 келіде Махмұд Сабырхан алғашқы айқасын иорданиялық Махди Альмасалех пен өзбекстандық Шахзод Мұзафаров жұбының жеңімпазына қарсы өткізеді. 60 келіде Оразбек Асылқұлов 1/8 финалда филиппиндік Пауль Юлифер Басконмен күш сынасады. 65 келіде Ертуған Зейнулинов қытайлық Тайбэй өкілі Ю Линмен кездеседі. 70 келіде Төрехан Сабырхан ширек финалда кореялық Ким Юн Су мен тәжікстандық Шамшер Саидов арасындағы жекпе-жектің жеңімпазымен айқасады. 75 келіде Сабыржан Аққалыков жапониялық Яги Талгамен жұдырықтасады. 80 келіде Ерасыл Жақпеков қырғызстандық Сағын Сатыбалды мен өзбекстандық Фазлиддин Эркинбоев жұбының жеңімпазымен кездеседі. 85 келіде Нұрбек Оралбай жарысты жартылай финалдан бастайды. Ол моңғолиялық Барлаахан Дору мен иорданиялық Мұхаммад Сүлейман арасындағы айқастың жеңімпазымен қолғап түйістіреді. Осылайша, Нұрбек кемінде қола жүлдені қамтамасыз етіп отыр. 90 келіде Сағындық Тоғамбай қытайлық Хан Сюэчжэньге қарсы рингке шығады. Ал аса ауыр салмақта Айбек Оралбай моңғолиялық Бекнур Кали мен өзбекстандық Арман Маханов арасындағы кездесудің жеңімпазымен күш сынасады.

Тегтер: боксшы спорт