01.04.2026, 11:40

5:0 есебімен жеңді: Оразбек Асылқұлов Азия чемпионатын сәтті бастады

Фото: prosports.kz

60 келі салмақ дәрежесінде сынға түскен әлем чемпионы Оразбек Асылқұлов алғашқы жекпе-жегінде Филиппин спортшысы Пол Джулифер Басконмен кездесті.

Моңғолияның Ұлан-Батыр қаласында өтіп жатқан бокстан Азия чемпионатында Қазақстан ерлер құрамасы жарысты бастады, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

60 келі салмақ дәрежесінде сынға түскен әлем чемпионы Оразбек Асылқұлов алғашқы жекпе-жегінде Филиппин спортшысы Пол Джулифер Басконмен кездесті.

Жекпе-жек барысында қазақстандық боксшы дәл соққыларымен басымдық танытты. Нәтижесінде төрешілердің бірауыздан шығарған шешімімен (5:0) жеңіске жетіп, турнирдің ширек финалына жолдама алды.

Қазақстан атынан биыл Азия чемпионатында 20 боксшы сынға түсуде. Олардың арасында үш боксшымыз – Жазира Орақбаева, Элина Базарова, Римма Волосенко жарыс жолын аяқтады. Ал төрт боксшымыз бәсекені бірден жартылай финалдан бастап, кем дегенде қола медаль алатын болды. 

2 сәуір 1/8 финалда қазақстандық былғары қолғап шеберлерінен 65 келіде Ертуған Зейнулинов Тайпей өкілі Ю Линмен кездеседі.