04.04.2026, 23:30

Теннисші Жібек Құламбаева тағы да топ жарды

Фото: ҚТФ

Өткен аптада Жібек Нагпурдағы осындай жарыста жекелей және жұптық сында үздік шыққан еді. 

Қазақстандық теннисші, әлемнің 422-ракеткасы Жібек Құламбаева жұптық сында Аурангабад (Үндістан) ITF W15 турнирінің чемпионы атанды, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы. 

Турнирдің 1-ракеткалары Жібек Құламбаева мен ресейлік Екатерина Яшина финалда германиялық Анастасия Купарев — өзбекстандық Севиль Юлдашевамен бас жүлдені сарапқа салды.

Қазақстандық-ресейлік жұп 6:1, 6:4 есебімен жеңіске жетіп, чемпиондық атаққа ие болды.  Ж.Құламбаева жекелей сында жартылай финалда босниялық Теа Ковачевичпен кортта кездесті. Аса тартысты өткен матчта Т.Ковачевич 7:5, 6:7 (3:7), 7:6 (7:4) есебімен басымдық танытып, финалға жолдама алды. 

Өткен аптада Жібек Нагпурдағы осындай жарыста жекелей және жұптық сында үздік шыққан еді. 

Қазақстанның екінші, әлемнің 72-ракеткасы Юлия Путинцева жұптық сында италиялық Элизабетта Кочареттомен бірге Чарльстон (АҚШ) WTA 500 жарысының жартылай финалында америкалықтар Дезире Кравчик – Кэти Макналлимен ойнауы керек еді. Алайда Путинцева – Кочаретто матчқа қатысудан бас тартты.

Тағы бір қазақстандық, рейтингіде 353-орындағы Бейбіт Жұқаев Сан-Луис Потоси (Мексика) челленджер турнирінің жартылай финалына өте алмады. Ол ширек финалда әлемнің 95-інші, осы доданың 1-ракеткасы, аустралиялық Джеймс Даквортқа жол берді – 2:6, 3:6.