05.04.2026, 12:30

Бес баланың анасы Өзбекстанның танымал боксшысын жеңді

Фото: Қазақстан бокс федерациясы

48 келіге дейінгі салмақта Қазақстан атынан Әйгерім Сәттібаева Өзбекстан өкілі Сабина Бобокуловамен қолғап түйістірді.

Ұлан-Баторда бокстан World Boxing ұйымының аясында өтіп жатқан Азия чемпионатының ширек финалдық жекпе-жектері басталды, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

48 келіге дейінгі салмақта Қазақстан атынан Әйгерім Сәттібаева Өзбекстан өкілі Сабина Бобокуловамен қолғап түйістірді.

Айта кету керек, Бобокулова өте тәжірибелі қарсылас саналады. Ол Болгарияда өткен беделді «Странджа» кубогының жеңімпазы атанған. Алайда 2025 жылы әлем чемпионатының жартылай финалында қазақстандық Назым Қызайбайдан жеңілген еді.

Жекпе-жек барысында Әйгерім алғашқы секундтардан бастап белсенділік танытып, рингтің ортасын иеленуге тырысты. Дегенмен өзбекстандық боксшы қарымта шабуылдарға сеніп, оң қолымен дәл соққыларын дарытып отырды. Бірінші раундтың соңында Бобокулова сәтті комбинация жасап, бұл кезеңді 4:1 есебімен өз пайдасына жазды.

Екінші раундта Сәттібаева алға ұмтылып, қарсыласын қыспаққа алуға күш салды. Бұл жолы төрешілер үш минуттық кезеңді қазақстандық боксшының пайдасына 4:1 есебімен бағалады.

Шешуші үшінші раундта қос спортшы ашық айқасқа көшті. Осы сәтте Әйгерімнің соққылары дәлірек болып, раунд 3:2 есебімен оның пайдасына шешілді.

Қорытындысында Әйгерім Сәттібаева Азия чемпионатының жартылай финалына шығып, кем дегенде қола медальді өзіне қамтамасыз етті.

Әйгерімді боксқа 2004 жылы әкесі әрі бапкері алып келген. Ол 19 жасында белгілі боксшы, 2015 жылғы Азия чемпионы және 2016 жылғы Олимпиада қатысушысы Олжас Сәттібаевқа тұрмысқа шыққан.

Спортшы ана атанғаннан кейін екі мәрте үлкен спортқа қайта оралған. Қазір ол төрт қыз бен бір ұл тәрбиелеп отыр.

Әйгерім Сәттібаева – 2024 жылғы Азия чемпионатының қола жүлдегері және Қазақстан чемпионатының қазіргі жеңімпазы.