Оның октагоннан тыс қалғанына 500 күн болған.
Қазақстандық файтер әлеуметтік желіде жаттығу барысынан үзінді жариялады, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Спортшы онда жарақаттан кейінгі кезеңнің қалай өтіп жатқанын бейнелеген.
«Қиын… оңай емес» деген сөзі арқылы файтер көпшілікті алаңдатып қойды. Видео мен Рахмоновтың сөзінен физикалық ғана емес, психологиялық тұрғыдан да ауыр процесс екенін байқауға болатындай.
Жаза кеткен жөн, биыл ақпанда спортшы Германияда ота жасатты. Сол себепті, ол біраз уақытқа жекпе-жектерден шеттеді әрі UFC рейтингінен де уақытша түсіп қалды. Сонда да файтер толық қалпына келуге бар күш-жігерін салып жатыр.
Оның соңғы жекпе-жегі 2024 жылдың желтоқсан айында өтті. Сол кезде спортшы Иэн Гэриді төрешілердің шешімімен жеңіп, өз деңгейін толық көрсеткен-ді. Бастапқыда бұл кездесу чемпиондық титул үшін жоспарланса да, сол кездегі чемпион Белал Мұхаммад жарақатына байланысты айқасқа шыға алмады.
Бір өкініштісі, содан соң жағдай керісінше өрбіді. Яғни, Шавкат Рахмоновтың өзі жарақаттанып, бірнеше кездесуге шықпады.