24.04.2026, 16:00

Бибісара Асаубаева қазақ тілін үйренуді қолға алды

Фото: kazchess.kz

Шахматшы жаңа оқытушымен қазақ тілінен сынақ сабағын өтетінін жеткізді.

Қазақстандық шахматшы Бибісара Асаубаева қазақ тілін үйренуді жоспарлап отырғанын хабарлады. Сонымен қатар спортшы қалпына келу және алдағы турнирлерге дайындық барысы туралы айтты, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Жақын күндерге арналған жоспарымен ол үйіне оралғаннан кейін жеке Telegram-арнасында бөлісті.

Шахматшы жаңа оқытушымен қазақ тілінен сынақ сабағын өтетінін жеткізді.

«Ертең жаңа мұғаліммен қазақ тілінен пробный сабақ жоспарланған. Сонымен қатар ағылшын тілінен де мұғалім таптым, сабақтар ұнайды деп үміттенемін. Спортқа толық оралу әзірге оңай болмай тұр, бірақ сол бағытта жұмыс істеп жатырмын. Сондай-ақ жарыққа тапсырыс бердім, анам микрофондарын береді, өйткені онда бірнешеу бар екен. Бейнемді қолдағандарыңызға рахмет. Оның мінсіз болмағанын түсінемін, бірақ алға қарай жақсара береміз. Қолдауларыңызға рахмет, бәріңізді жақсы көремін», – деп жазды ол.

2025 жылдың маусым айында Бибісара Асаубаева журналистердің қазақ тіліндегі сұрақтарына жауап беруден бас тартқан болатын. Бұл әлеуметтік желілерде қызу талқыланды. Кейін спортшы отбасында көбіне орыс тілі қолданылатынын және тығыз кесте тіл үйренуге мүмкіндік бермегенін түсіндірді. Осыдан кейін ол мемлекеттік тілді меңгеруге ниетті екенін мәлімдеді.