26.04.2026, 10:30

Қазақстандық каратэші Испаниядағы жарыстың жеңімпазы атанды

Фото: instagram.com/ kaz_karateofficial

Алма-кезек шабуылмен өткен жекпе-жек 5:2 есебімен аяқталды. 

Испанияның Ла-Корунья қаласында өтіп жатқан А сериясы санатындағы жарыста қазақстандық каратэші Дінмұхаммед Айдарбек алтыннан алқа тақты, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Қазақстан каратэ федерациясынан мәлім еткеніндей, Дінмұхаммед кумите бағдарламасында 60 келіге дейінгі салмақта үздік шықты. Қазақстандық спортшы финалда түрік каратэшісі Мерт Халичті ұтты.

Алма-кезек шабуылмен өткен жекпе-жек 5:2 есебімен аяқталды. Бұл салмақта қос қоланы Португалия спортшылары жеңіп алды.

Дінмұхаммед Айдарбек жарыстың топтық кезеңінде Италия, Франция және Португалия өкілінен басым түсті. Ал плей-офф сатысында Сауд Әл-башерден (Сауд Арабиясы), жартылай финалда Флориан Обитцтен (Германия) айласын асырды.

Осы салмақта татамиге шыққан қалған қазақстандықтар топтан шыға алмады.

Бүгін Ла-Коруньядағы бәсекеде соңғы жүлделер сарапқа салынады. Биыл аталған додада 85 мемлекеттен 1290 спортшы тіркелді. Бұл – А сериясындағы турнир үшін рекорды көрсеткіш.