Қазақстан құрамасы турнирдегі соңғы матчын 8 мамыр күні Францияға қарсы өткізеді.
Қазақстанның ерлер хоккей құрамасы 2026 жылғы әлем чемпионатының IA дивизионында Украина командасын жеңіп, элиталық дивизионға мерзімінен бұрын жолдама алды, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Польшаның Сосновец қаласында өтіп жатқан турнирдің төртінші турында Қазақстан құрамасы Украинамен мұз айдынға шықты. Тартысқа толы кездесу негізгі уақытта 4:4 есебімен тең аяқталды. Қазақстан сапынан Всеволод Логвин, Кирилл Ляпунов, Роман Старченко және Батырлан Мұратов шайба соқты.
Ал Украина құрамасы сапында Андрей Денискин, Игорь Мережко, Александр Пересунько мен Евгений Фадеев мергендігімен көзге түсті. 3х3 форматындағы овертаймда жеңімпаз анықталмағандықтан, матч буллиттер сериясына ұласты.
Шешуші сәтте қазақстандық хоккейшілер бес мүмкіндіктің екеуін сәтті пайдаланып, қарсылас тек бір буллитті дәл орындады. Осылайша Талғат Жайлауов жаттықтыратын Қазақстан құрамасы 5:4 есебімен жеңіске жетіп, турнирдегі қатарынан төртінші жеңісін тіркеді. Кездесудің үздік ойыншысы болып Всеволод Логвин танылды. Ол матчта бір шайба соғып, нәтижелі пас беріп қана қоймай, буллитте де мергендік танытты.
Бұл жеңістен кейін Қазақстан құрамасының еншісінде 11 ұпай бар. Команда турнир аяқталуына бір тур қалғанда бірінші орынды мерзімінен бұрын қамтамасыз етіп, 2027 жылғы әлем чемпионатының элиталық дивизионына қайта жолдама алды. Қазір Украина құрамасы жеті ұпаймен екінші орында келеді. Олар қосымша көрсеткіш бойынша Франциядан алда тұр. Ал Польша құрамасының да элитаға шығу мүмкіндігі сақталып отыр. Қазақстан құрамасы турнирдегі соңғы матчын 8 мамыр күні Францияға қарсы өткізеді. Кездесу Астана уақытымен 15:30-да басталады.