"Мүлде ешқандай қарым-қатынас болған жоқ".
Қазақстандық боксшы Жанқош Тұраров өзін зорлады деп айыптаған Әнару Құрманәлі туралы пікір білдірді. Бұл туралы спортшы Instagram желісіндегі stories бөлімінде жазды, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
«Лас әңгіме мен негізсіз сөздерден шаршадым. Арызданушымен тек төсек қатынасы емес, мүлде ешқандай қарым-қатынас болған жоқ», — деді боксшы.
Сондай-ақ Жанқош Тұраров сторизінде адвокаты Самат Мамытовтың баспасөз мәслихатынан үзінді жариялады. Онда боксшының іс бойынша қорғану құқығы бар куәгер ретінде өтіп жатқаны айтылған.
«Оған қатысты ешқандай бұлтартпау шарасы таңдалған жоқ. Тек сотқа дейінгі тергеу органдарына келіп тұру міндеті жүктелген», — деп түсіндірді адвокат.
Еске салайық, 21 тамыз күні әлеуметтік желіде танымал боксшы Жанқош Тұраровтың үстінен 28 жастағы әйел арыз жазып, спортшыны зорлады деп айыптағаны туралы ақпарат тараған еді. Кейін боксшы Instagram парақшасында бұл айыптауларды жоққа шығарып, олардың жала екенін мәлімдеді.