16.05.2026, 09:00

Семейлік Данил «molodoy» қалай әлемдік Counter-Strike жұлдызына айналды?

Фото: Данил "Molodoy" Голубенко парақшасынан

«Ата-анам қарсы болды». 

Қазақстандық киберспортшы Данил «molodoy» бүгінде әлемдік Counter-Strike аренасында ең көп талқыланып жүрген жас ойыншылардың бірі. Семейден шыққан қарапайым қазақстандық жасөспірімаз ғана уақыттың ішінде дүниежүзіндегі үздік командалардың назарына ілігіп, Бразилияның әйгілі FURIA құрамына қосылды, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Ол қазір миллиондаған аудитория қарайтын халықаралық турнирлерде Қазақстанның атын шығарып жүр. Жасы небәрі 21-де болса да, әлемдік рейтингтерде топ ойыншылардың қатарында аталады.

Астанада өтіп жатқан халықаралық PGL турнирі кезінде Данил сұхбат беріп, өмір жолы, отбасы қарсылығы, арманы, табысы және киберспорттың көлеңкелі тұстары туралы ашық айтты.

«Ата-анам қарсы болды»

Данилдің айтуынша, оның кәсіби ойыншы болуы оңай болмаған. Бастапқыда ата-анасы компьютер клубынан шықпайтын баласының болашағына алаңдаған.

“Әрине, қарсы болды. Көп ұрыстық. Университетті де тастауға тура келді” - дейді ол.

Болашақ киберспортшы IT мамандығында оқыған. Алайда бір сәтте өмірін түбегейлі өзгертуге бел буады.

Таңдау қиын еді: диплом ба, әлде арман ба?

Данил екіншісін таңдады.

Ол оқуын тастап, Астанаға көшкен. Кейін кәсіби командаларға еніп, халықаралық деңгейдегі турнирлерге қатыса бастайды.

“Бұл менің бала күнгі арманым болмаса да, маған ерекше ләззат сыйлайтын іс еді. Сондықтан соңына дейін барғым келді” дейді ойыншы.

Компьютер клубынан әлемдік аренаға дейін

Қазір әлеуметтік желіде Данил туралы түрлі аңызға бергісіз әңгімелер айтылады. Оның компьютер клубтарында түнеп жүріп жаттыққаны да жасырын емес.

“Иә, ондай кезең болды. Бірақ адам өзі жақсы көретін іске жанын салмаса, нәтиже болмайды” дейді ол.

Данилдің айтуынша, табысқа жеткізген басты фактор - нақты жоспар мен тәртіп.

“Мен не істеуім керек екенін анық білдім. Сол нәрсе маған берілмеуге көмектесті” дейді «molodoy».

«Бір күн емес, одан да көп ойнаған кездер болды»

Кәсіби киберспорттың сырт көзге ғана ойын болып көрінетіні белгілі. Шын мәнінде, бұл - ауыр еңбек пен жүйкені талап ететін сала.

Данил кей күндері компьютерден тәулік бойы тұрмағанын жасырмады.

“Бір күн бойы ойнау аз сияқты. Одан да көп отырған кездер болды” - дейді ол күліп.

Көпшілік киберспортшылардың көзі тез бұзылады деп ойлайды. Бірақ Данил қазіргі технологиялар бұл мәселені азайтып жатқанын айтады.

“Мониторлар, құрылғылар күн сайын дамып жатыр. Сондықтан бұрынғыдай қатты қауіп бар деп ойламаймын” - дейді ол.

PGL Astana: әлемнің үздіктері Қазақстанға келді

Қазір Данил FURIA құрамымен Астанада өтіп жатқан PGL халықаралық турнирінде өнер көрсетіп жатыр. Бұл - Counter-Strike әлеміндегі ең беделді жарыстардың бірі.

Турнирге әлемнің үздік 16 командасы қатысқан. Қазір олардың сегізі плей-офф кезеңіне өткен.

Жүлде қоры - 1,6 миллион доллар.

Бірінші орын алған команда жарты миллион доллардан астам сыйақы алады.

Данилдің өзі бұл жарысқа үлкен жауапкершілікпен қарап отырғанын айтты.

“Барлығы өзімізге байланысты. Қалай дайындаламыз, нәтиже де соған байланысты болады” - дейді ол.

«Командадағы ең жасы - мен»

FURIA құрамында Данилден әлдеқайда үлкен ойыншылар бар.

“Командада 34 жастағы адамдар да бар. Мен ең жасымын, маған 21” - дейді қазақстандық ойыншы.

Бұл - киберспорт тек жасөспірімдердің ермегі деген түсінікті жоққа шығаратын жайт.

Қазір әлемде кәсіби ойыншылар 30 жастан кейін де халықаралық деңгейде өнер көрсетіп жүр.

«Counter-Strike агрессияны арттыруы мүмкін»

Сұхбаттағы ең қызық тақырыптардың бірі - ойынның адам психологиясына әсері болды.

Данил бұл мәселеде ашық пікір айтты.

 - Иә, агрессияны арттыруы мүмкін. Бірақ бәрі адамның өзіне байланысты, - дейді ол.

Сонымен бірге, киберспорттың пайдалы тұстары да бар екенін атап өтті.

“Counter-Strike жылдам ойлауды дамытады. Бұл өмірде де көп көмектеседі” дейді Данил.

Шынында да, қазіргі таңда әлемдік сарапшылар киберспорттың реакция жылдамдығын, тактикалық ойлауды және командалық жұмысты күшейтетінін жиі айтады.

«Қазір менің нақты тұратын жерім жоқ»

Даңқтың да өз бағасы бар.

Данил бүгінде жыл бойы турнирден турнирге ұшып жүреді. Бір елден екінші елге көшіп-қонып жүргендіктен, тұрақты мекені де қалмаған.

"Қазір мен еш жерде тұрақты тұрмаймын десем болады. Үнемі жолдамыз, - дейді ол.

Астанадан кейін команда Германияға аттанады. Одан кейін ғана қысқа демалыс.

Ал туған жері Семейге соңғы рет былтыр Жаңа жылда барған.

“Туған жерді қатты сағынамын” дейді Данил.

Ол Семейдегі №1 мектепте оқығанын, білім ордасының алда 130 жылдық мерейтойы болатынын да ерекше ықыласпен еске алды.

Қазақстандық жастарға жаңа бағыт

Бір кездері ата-аналар «компьютер ойнама» деп ұрысатын еді.

Бүгінде сол ойын миллиондаған доллар айналатын индустрияға айналды.

Ал кешегі компьютер клубында жүрген қазақ баласы әлемдік аренадан орын алып отыр.

Данил «molodoy»-дың тарихы - жай ғана киберспорт туралы әңгіме емес. Бұл - тәуекел еткен, арманына сенген, өз жолынан қайтпаған жас туралы оқиға.

Қазір Қазақстанда мыңдаған жас киберспортқа қызығады. Бірақ олардың бәрі әлемдік деңгейге жете бермейді. Ол үшін таланттан бөлек, тәртіп, еңбек және психологиялық төзім керек.

Данилдің өзі айтқандай:

Ең бастысы - мақсатыңды нақты білу және берілмеу.

Бәлкім дәл осы қасиет семейлік қарапайым жігітті әлемдік CS аренасының жаңа жұлдызына айналдырған шығар.