24.05.2026, 18:30

«Қайрат» футбол клубының бұрынғы ойыншысы қайтыс болды

Фото: Pixabay

1971 жылы Рожков «Қайратпен» бірге Халықаралық теміржолшылар спорт одағы кубогының иегері атанды.

84 жасқа қараған шағында қазақстандық футбол ардагері, «Қайрат» клубының бұрынғы шабуылшысы Сергей Рожков қайтыс болды, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Сергей Рожков «Қайрат» сапында 1966–1967, 1970–1973 және 1975–1976 жылдары өнер көрсетті. Алматы клубының құрамында ол 203 матч өткізіп, 25 гол соқты. Команда капитаны болған Рожков өз буынының ең жарқын футболшыларының бірі саналды.

1971 жылы Рожков «Қайратпен» бірге Халықаралық теміржолшылар спорт одағы кубогының иегері атанды. Сергей Рожков КСРО спорт шебері, 1969 жылғы КСРО чемпионы, КСРО кубогының екі дүркін иегері болды. Сондай-ақ КСРО құрамасы сапында бір матч өткізген.

Фото: «Қайрат» ФК

— Сергей Егорович клубымыздың және қазақстандық футболдың тарихында елеулі із қалдырды. «Қайрат» футбол клубы марқұмның туған-туыстары мен жақындарына, достарына, бұрынғы командаластарына және Сергей Егоровичті таныған барша жанға көңіл айтады, — деп мәлімдеді «Қайрат» ФК баспасөз қызметі.