Енді вакантты титул үшін ирландиялық Аарон Маккенна мен италиялық Этиноса Олиха өзара мықтыны анықтайды.
IBF ұйымы орта салмақтағы бұрын Жәнібек Әлімханұлы иеленген чемпиондық белбеу үшін өтетін жекпе-жекке қатысатын боксшыларды ресми түрде бекітті, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Енді вакантты титул үшін ирландиялық Аарон Маккенна мен италиялық Этиноса Олиха өзара мықтыны анықтайды.
Шешім IBF-тің кезекті конвенциясында қабылданды. Жеңіліп көрмеген екі боксшы арасындағы чемпиондық айқас 8 тамыз күні өтеді деп жоспарланған. Бұл кездесудің жеңімпазы кейін америкалық Амари Джонсқа қарсы міндетті жекпе-жек өткізуі тиіс.
Еске салайық, аталған белбеу бұған дейін қазақстандық Жәнібек Әлімханұлына тиесілі болған. Алайда допинг-сынақ нәтижесіне байланысты ол бір жылға дисквалификация алып, IBF чемпионы мәртебесінен айырылды. Қазақ боксшысы WBO тұжырымы бойынша рингке тек 2026 жылдың желтоқсанында қайта оралуға мүмкіндік алады.
Сондай-ақ WBO ұйымының уақытша чемпионы да белгілі болды. Британиялық Дензел Бентли Эндри Сааведраны мерзімінен бұрын жеңіп, уақытша титулды иеленді. Қазіргі таңда дәл осы Бентли Әлімханұлының келесі міндетті қарсыласы ретінде қарастырылып отыр.
Айта кетейік, Жәнібек пен Дензел Бентли осыдан төрт жыл бұрын Қазақстанда қолғап түйістірген. Сол кездесуде қазақстандық боксшы төрешілердің бірауызды шешімімен жеңіске жеткен еді.