Бұдан бөлек бапкер "Қайрат" ойыншыларының "жұмыртқаларын" тастап кеткенін айтып ренішін ашық білдірген.
Алматылық «Қайраттың» бас бапкері Рафаэль Уразбахтин «Ордабасымен» өткен матчтан кейін команда қақпашысы Темірлан Анарбековтің ойынына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы. Шымкентте өткен кездесуде «Қайрат» 1:2 есебімен жеңіліп қалды. Матчтан кейін бас бапкер жас қақпашының қателігіне тоқталып, әзіл аралас сын айтты.
«Келесі жолы оның қолғабына бал жағып қоямыз, сонда доп жабысып тұратын шығар. Білмеймін, мүмкін Instagram-ға көп көңіл бөлетін шығар», – деді Рафаэль Уразбахтин.
Айта кетейік, Темірлан Анарбеков соңғы маусымдарда «Қайраттың» негізгі қақпашыларының біріне айналды. Бұған дейін бапкер оның әлеуетін жоғары бағалап, Еуропа чемпионаттарында өзін сынап көруге мүмкіндігі бар екенін айтқан еді.
Бұдан бөлек, бапкер "Қайрат" ойыншыларының "жұмыртқаларын" тастап кеткенін айтып ренішін ашық білдірген. Желі қолданушылары да бапкердің бұл мәлімдемесін қызу талқылап жатыр. Бірі мұны әзіл ретінде қабылдаса, енді бірі жас футболшыға айтылған артық сын деп бағалаған.