$ 485.55  563.38  6.81

«Барлық жеңісім әлі де елеусіз қалып келеді»: Шайдоров оқиғасынан кейін Ангелина Лукас Президентке үндеу жасады

Ақырында ол ұлттық құрамадан кетіп, кәсіпқой боксқа ауысқан.

Фото: коллаж Sn.kz
Фото: коллаж Sn.kz

Кәсіпқой боксшы, IBO нұсқасы бойынша екі дүркін әлем чемпионы Ангелина Лукас Қазақстан Президентіне видеоүндеу жолдады. Бұған мәнерлеп сырғанаудан Олимпиада чемпионы Михаил Шайдоровтың жалақы мәселесі себеп болған, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Лукастың айтуынша, мұндай жағдаймен тек Михаил Шайдоровтың емес, өзге де спортшылар басынан өткен. Алайда олардың көбі ашық айтуға қорқады.

“Ербол Мырзабосыновқа видеоүндеу жазудың мәні жоқ деп ойлаймын. Өйткені былтыр онымен кездескенмін. Сол кездесуден бері бір жылға жуық уақыт өтті, бірақ ештеңе өзгерген жоқ. Енді қайда жазарымды, кімге хабарласарымды, кімнен көмек сұрарымды білмеймін. Сондықтан тікелей Мемлекет басшысына жүгінуді шештім. Көп жылдан бері спортта қысым көріп келемін. Жақында Михаил Шайдоровтың бес ай бойы жалақы алмағаны туралы жаңалықты көрдім. Мұндай жағдайға мен ғана емес, басқа да көптеген спортшы тап болады. Бірақ бәрі бірдей айта бермейді, көбі қорқады”, – деді спортшы.

Ангелина Лукас 2021 жылы ұлттық құрама сапында болған кезеңді де еске алды. Оның сөзінше, халықаралық турнирлерде табысты өнер көрсетіп, Олимпиадаға үміткерлердің бірі саналғанына қарамастан, спорттық құрылымдар тарапынан қысымға ұшыраған.

Боксшының айтуынша, оны халықаралық жарыстарға жібермеуге тырысқан, өтінім беруде қиындықтар туындаған, кейін түрлі тексерістер басталып, құрамадан шеттету әрекеттері жасалған.

“Әкем телефон шалғаннан кейін бокс федерациясында маған “Сенің ата-анаң кім, өзің кімсің? Әкең хабарласқаны үшін сені құрамадан шығарамыз” деді. Содан кейін қысым басталды. Халықаралық турнирлерден медаль алып келіп, Олимпиада ойындарына басты үміткер болып жүргенімде допинг-бақылауға қатысты қиындықтар туындап, мені құрамадан шығару әрекеттері жасалды”, – деді Лукас.

Ақырында ол ұлттық құрамадан кетіп, кәсіпқой боксқа ауысқан.

Спортшы өз жетістіктерінің Қазақстанда жеткілікті деңгейде айтылмайтынына да шағымданды. Ангелина Лукас IBO титулын иеленіп, WBC рейтингінде көш бастағанын және шетелде бірнеше титулдық жекпе-жек өткізгенін атап өтті.

Оның сөзінше, табыстарына қарамастан, өзіне қарсы әлеуметтік желіде теріс ақпараттық науқандар мен тапсырыспен жазылған пікірлер ұйымдастырылады.

“Мен ешқашан пәтер, көлік немесе сыйлық сұраған емеспін. Менің сұрағаным бір-ақ нәрсе – Қазақстанда менің жетістіктерімді білсе деймін. Бірақ ештеңе өзгерген жоқ. Барлық жеңісім әлі де елеусіз қалып келеді, ол туралы ешкім айтпайды, жазбайды”, – деді боксшы.

Ангелина Лукас Президенттен спортшылардың жағдайына назар аударуды және абсолютті әлем чемпионы атағы үшін өтуі мүмкін жекпе-жек алдында қолдау көрсетуді сұрады.

Ол мемлекет барлық спортшыға бірдей қарауы керек деп санайды. Сондай-ақ саладағы мәселелерді ашық айтқан атлеттерге қысым жасауға жол берілмеуге тиіс.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 3
Ұнамайды 1
Күлкілі 0
Ашулы 0