31.05.2026, 21:30

Жәнібек Әлімханұлы келесі жекпе-жегіне дайындықты бастады

Фото: qazaqstyle

"Бұйыртса, жақын күндері үлкен оқу-жаттығу жиынын өткізу үшін шетелге аттанамыз".

Қазақстандық кәсіпқой боксшы, орта салмақтағы әлем чемпионы Жәнібек Әлімханұлы алдағы жекпе-жегіне дайындықты бастап кеткенін мәлімдеді, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Боксшының айтуынша, жақын күндері командасымен бірге шетелге аттанып, ауқымды оқу-жаттығу жиынын өткізуді жоспарлап отыр. Әлімханұлы алдағы мақсаттарының үлкен екенін айтып, тарихи жетістіктерге жету жолындағы жұмыс жалғасатынын жеткізді.

«Алдағы жекпе-жекке дайындығымды бастап кеттім. Бұйыртса, жақын күндері үлкен оқу-жаттығу жиынын өткізу үшін шетелге аттанамыз. Алдымызда үлкен мақсат тұр. Тарих жасау жолындағы жорығымызды жалғастырамыз», – деп жазды чемпион.

Сондай-ақ Жәнібек Қазақстан спортына, оның ішінде халықаралық аренада ел намысын қорғап жүрген спортшыларға тұрақты қолдау көрсетіп келе жатқан Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс білдірді.

Боксшы Мемлекет басшысының әрбір маңызды жекпе-жек алдында сәттілік тілеп, жеңістеріне қуанып, қолдау көрсетіп отыратынын атап өтті. Оның сөзінше, мұндай сенім мен жанашырлық спортшылар үшін үлкен жауапкершілік әрі зор мәртебе.

«Сенімді ақтап, көк Туымызды тағы да биікте желбірету үшін бар күшімізді саламыз», – деді Әлімханұлы.

Айта кетейік, соңғы уақытта қазақстандық боксшы допинг дауына байланысты назарға ілікті. Мельдонийге тапсырған сынамасы оң нәтиже көрсеткен соң, ол 2026 жылдың 2 желтоқсанына дейін жекпе-жектерден шеттетілді. Осыған байланысты IBF ұйымы оны чемпиондық белбеуден айырып, рейтингтен шығарды. Ал WBO тұжырымы бойынша чемпиондық атағы әзірге Әлімханұлының еншісінде қалып отыр.

Жәнібек соңғы жекпе-жегін 2025 жылдың 5 сәуірінде өткізіп, франциялық Анауэль Нгамиссенгені бесінші раундта техникалық нокаутпен жеңген еді. Сол кездесуде ол WBO және IBF тұжырымдары бойынша чемпиондық белбеулерін сәтті қорғады.