02.06.2026, 11:00

Жұлдызды қақпашы Анарбековке қатысты қуанышты хабар тарады

Фото: ФК Қайрат

Олардың қатарында Харри Кейн, Килиан Мбаппе, Ламин Ямаль және Хвича Кварацхелиямен бірге қазақстандық қақпашының да есімі аталды.

Танымал FlashScore статистикалық порталы алматылық Қайрат клубының және Қазақстан ұлттық құрамасы қақпашысы Темірлан Анарбековті 2025/2026 жылғы Чемпиондар лигасының символикалық құрамына қосты, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы. 

Портал жасаған үздік ойыншылар тізімінде Бавария, Пари Сен-Жермен, Реал Мадрид және Барселона секілді Еуропаның алпауыт клубтарының жұлдыздары да бар. Олардың қатарында Харри Кейн, Килиан Мбаппе, Ламин Ямаль және Хвича Кварацхелиямен бірге қазақстандық қақпашының да есімі аталды.

FlashScore сарапшылары Анарбековтің жоғары бағалануы оның Чемпиондар лигасындағы сенімді ойынымен тікелей байланысты екенін атап өтті. Портал мәліметінше, «Қайрат» турнирдің жалпы кезеңінде соңғы орын алғанымен, команда қақпасына жиі соққы жасалуы қазақстандық голкипердің шеберлігін көрсетуге мүмкіндік берген.

Статистикаға сәйкес, Темірлан Анарбеков турнир барысында 34 сейв жасап, бұл көрсеткіш бойынша үздіктердің қатарынан көрінді. Сондай-ақ ол қарсыластардың соққыларының 72,3 пайызын қайтарып, командасын 4,39 ықтимал голдан сақтап қалған.

Портал дерегінше, қақпашының жалпы кезеңдегі алты матч бойынша орташа рейтингі 7,7 баллды құраған. Бұл көрсеткіш финалға дейін жеткен Арсенал қақпашысы Давид Райяның (7,4) және Реал Мадрид қақпашысы Тибо Куртуаның (7,5) бағасынан жоғары болған.

Осылайша, қазақстандық қақпашы Еуропаның ең беделді клубтық турнирінде өз шеберлігін дәлелдеп, әлемдік деңгейдегі футбол жұлдыздарымен бір қатардан көрінді.