ITA талаптарына сәйкес, әзірге екі спортшы да уақытша жарыстардан шеттетілген.
Халықаралық тестілеу агенттігі (ITA) қазақстандық самбошылар Жалғас Жұмағалиев пен Ерасыл Ғабдулманапқа қатысты антидопинг ережелерін бұзу ықтималдығы жөнінде алдын ала хабарлама жолдады, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
ITA мәліметінше, 2026 жылдың 12 сәуірінде Арменияның Ереван қаласында өткен жарыс барысында алынған допинг сынамаларынан тыйым салынған заттар – мельдоний мен дростанолон метаболиті анықталған.
Қазіргі таңда спортшыларға сынама нәтижелері ресми түрде жеткізілген. Олар B сынамасын қайта тексеруді талап етуге құқылы. Егер қосымша талдау A сынамасының қорытындысын растаса, антидопинг ережелерінің бұзылғаны толық дәлелденеді. Ал қайта тексеру жүргізілмеген жағдайда бастапқы нәтиже күшінде қалады.
ITA талаптарына сәйкес, әзірге екі спортшы да уақытша жарыстардан шеттетілген. Дегенмен, олардың дисквалификация мерзімі туралы түпкілікті шешім әлі қабылданған жоқ. Сондай-ақ спортшыларға өз ұстанымдарын білдіріп, түсініктеме беру мүмкіндігі қарастырылған.
Айта кетейік, Жалғас Жұмағалиев самбодан әлем чемпионатының күміс жүлдегері. Сонымен қатар ол Naiza лигасында аралас жекпе-жек ережесі бойынша өнер көрсетіп, Сұлтан Тағиевке төрешілер шешімімен жол берген болатын.