03.06.2026, 16:00

Еркебұлан Тоқтар АҚШ-тағы беделді бокс лигасына шығуы мүмкін

Фото: erkebulan.toktar/instagram

Оның сөзінше, дәл қазіргі уақытта Zuffa Boxing лигасына шығу мүмкін емес, ал MVP жобасында келіссөздер жүріп жатыр.

Қазақстандық ММА жауынгері әрі актер Еркебұлан Тоқтар америкалық блогер әрі бокс промоутері Джейк Пол негізін қалаған Most Valuable Promotions (MVP) бокс лигасында өнер көрсету мүмкіндігін қарастырып жатыр, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы 1bol.kz-ке сілтеме жасап. 

Спортшы бұл туралы журналист Әмір Тәжібаевқа берген сұхбатында айтып өтті. Оның сөзінше, дәл қазіргі уақытта Zuffa Boxing лигасына шығу мүмкін емес, ал MVP жобасында келіссөздер жүріп жатыр.

«Әзірге Джейк Полдың бокс лигасы. Zuffa Boxing-ке шыға алмаймын, ал MVP-де мүмкіндік бар. Қазір сол жақпен сөйлесіп жатыр», – деді Еркебұлан Тоқтар.

Most Valuable Promotions ұйымы 2021 жылы Джейк Пол тарапынан құрылған. Лига кәсіби бокс кештерін ұйымдастырып, спортшыларды медиа платформалар арқылы кеңінен насихаттаумен айналысады.

Еркебұлан Тоқтар кәсіби ММА мансабын 2021 жылы Octagon лигасында бастаған. 2025 жылдың ақпан айында ол Octagon 70 турнирінде BMF белбеуін жеңіп алып, Орталық Азия тарихында осы титулды иеленген алғашқы спортшы атанды. Ал оның соңғы жекпе-жегі 2025 жылдың наурыз айында Ереванда өткен Hype Fighting турнирінде өтіп, онда Марсель Нұрланбек ұлына төрешілердің бірауызды шешімімен есе жіберді. Бұл оның соңғы үш жылдағы алғашқы жеңілісі болды.