Бұл жекпе-жек Геннадий Головкиннің нокауттық сериясы қарқынды жүріп тұрған кезеңде өткен.
Британдық боксшы әрі сарапшы Дэн Морли қазақстандық чемпион Геннадий Головкиннің 2011 жылы угандаалық Кассим Оумамен өткізген жекпе-жегін еске алды, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Бұл кездесу Панамада өтіп, 12 раундқа жоспарланған айқас 10-раундта техникалық нокаутпен Головкиннің жеңісімен аяқталған болатын. Кейбір бокс мамандары дәл осы жекпе-жекті GGG-дің сол кезеңдегі ең қиын кездесулерінің бірі ретінде бағалайды.
Морлидің айтуынша, Кассим Оума – өмір жолы ауыр болған, бала кезінде Угандадағы қиын жағдайларды бастан өткеріп, кейін АҚШ-та кәсіби мансабын жалғастырған тәжірибелі спортшы. Ол уақыт өте келе IBF тұжырымы бойынша әлем чемпионы атанып, Джермейн Тейлор, Ванес Мартиросян, Габриэль Росадо сияқты мықты қарсыластармен жұдырықтасқан.
Сарапшының пікірінше, Оума мансабының ең биік кезеңінен өтіп кетсе де, өзінің тәжірибесі мен төзімділігінің арқасында Головкинге өте ауыр қарсылық көрсете алған.
«Бұл мен көрген Головкиннің ең қиын айқастарының бірі болды. Оума өте ыңғайсыз қарсылас болды және толық 10 раунд бойы шыдас берді», – деп жазды Морли.
Айта кетейік, бұл жекпе-жек Геннадий Головкиннің нокауттық сериясы қарқынды жүріп тұрған кезеңде өткен. Сол уақытта ол қатарынан бірнеше қарсыласын мерзімінен бұрын жеңіп келе жатқан еді.
Кассим Оума болса, Головкинмен айқастан кейін мансабында тек екі жеңіске жетіп, 2022 жылы спорттағы жолын тоғыз рет қатарынан жеңіліспен аяқтаған.