06.06.2026, 22:30

Футболдан Қазақстан құрамасы жолдастық кездесуде Армениямен тең түсті

Фото: Қазақстан футбол федерациясы

Отандастарымыз енді 9 маусымда Мажарстанмен сырт алаңда жолдастық кездесу өткізеді. 

Бүгін, 6 маусымда футболдан Қазақстан ұлттық құрамасы Армениямен жолдастық матч өткізді,  деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Кездесу барысында Талғат Байсуфинов негізгі құрамда бірқатар жас футболшыларға сенім білдірді. Олардың қатарында Дастан Сәтпаев, Жасұлан Әмір секілді ойыншылар бар.

Алғашқы минуттан армениялық футболшылар тізгінді өз қолына алуға тырысты. Ойын барысында олардың басымдығы байқалып тұрды. Оған қазақстандық ойыншылар лайықты тойтарыс бере білді. Соған қарамастан бірінші кезеңде таблодағы есепке өзгеріс енгізілген жоқ.

Екінші кезеңде 50-минутта қазақстандық Максим Самородов өз мүмкіндігін мүлт жберген жоқ. Оған 53-минутта армениялық Эдуард Сперцян бір голмен жауап қайырды. 

Осылайша қарсыластар 1:1 есебіне қанағат білдірді.

Қазірге дейін екі құрама сегіз мәрте кездескен еді. Алтауында армениялық футболшылар жеңіске жетіп, бір кездесу тең аяқталса, біреуінде отандастарымыз басым түсті. Қазақстан құрамасының тізімі

Қақпашылар: Темірлан Анарбеков («Қайрат»), Александр Заруцкий («Ақтөбе»), Бекхан Шайзада («Ордабасы»).

Қорғаушылар: Нұралы Әліп («Зенит», Ресей), Александр Мрынский, Еркін Тапалов (екеуі де – «Қайрат»), Ян Вороговский, Әлібек Қасым (екеуі де – «Астана»), Сергей Малый («Ордабасы»), Арсен Әшірбек («Елімай»), Санжар Сатанов («Атырау»), Сағи Совет («Қайсар»). Жартылай қорғаушылар: Рамазан Оразов («Елімай»), Жасұлан Әмір («Ордабасы»), Исламбек Қуат («Жеңіс»), Дінмұхамед Қараман («Астана»), Серікжан Мужиков («Жетісу»), Әбинұр Нұрымбет («Оқжетпес»).

Шабуылшылар: Дастан Сәтпаев («Қайрат»), Ғалымжан Кенжебек, Максим Самородов (екеуі де – «Ахмат», Ресей), Ислам Чесноков («Хартс», Шотландия), Роман Муртазаев («Елімай»), Мағжан Тоқтыбай («Ордабасы»), Мақсат Абраев («Астана»).

Отандастарымыз енді 9 маусымда Мажарстанмен сырт алаңда жолдастық кездесу өткізеді.