ҚФФ Байсуфиновтың қызметінен кететіні туралы ақпаратты жоққа шығарды.
Қазақстан футбол федерациясы (ҚФФ) ұлттық құраманың бас бапкері Талғат Байсуфинов қызметінен кетуі мүмкін екені туралы бұқаралық ақпарат құралдарында тараған ақпаратқа қатысты ресми мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Федерация мәліметінше, соңғы уақытта кейбір ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде тараған қауесеттер шындыққа сәйкес келмейді.
“ҚФФ Талғат Маруаұлы Байсуфиновқа толық қолдау білдіреді және оның кәсіби қызметін, Қазақстан ұлттық құрамасын дамытуға қосқан үлесін, сондай-ақ команданы алдағы матчтар мен турнирлерге дайындау бағытындағы жұмысын жоғары бағалайды. Бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерін, блогерлерді және әлеуметтік желі қолданушыларын тек ресми ақпарат көздеріне сүйенуге және қоғамды жаңылыстыруы мүмкін расталмаған ақпаратты таратпауға шақырамыз”, – делінген ресми ақпаратта.
ҚФФ кадрлық өзгерістерге қатысты кез келген шешім немесе ақпарат тек федерацияның ресми коммуникациялық арналары арқылы жарияланатынын мәлімдеді.
Осылайша, Қазақстан футбол федерациясы ұлттық құраманың бас бапкері Талғат Байсуфиновтың қызметінен кететіні туралы ақпаратты ресми түрде жоққа шығарып, оған толық қолдау білдіретінін растады.