$ 488.59  564.37  6.79

Роналду, Модрич, Нойер: Әлем чемпионатына жасы 40-тан асқан сегіз футболшы қатысады

Әлем чемпионаты 2026 жылдың 11 маусымы мен 19 шілдесі аралығында АҚШ, Канада және Мексикада өтеді.

Фото: коллаж Sn.kz
Фото: коллаж Sn.kz

2026 жылғы футболдан әлем чемпионаты тағы бір тарихи көрсеткішпен ерекшеленуі мүмкін. Алдағы мундиальда жасы 40-тан асқан сегіз футболшы өнер көрсетуі ықтимал. Бұл әлем чемпионаттары тарихындағы рекордтық көрсеткіш болмақ, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

FIFA мәліметінше, АҚШ, Канада және Мексикада өтетін турнирде алаңға шығуы мүмкін 40 жастан асқан ойыншылардың саны бұған дейінгі 22 әлем чемпионатында тіркелген көрсеткіштен де асып түспек.

Тәжірибелі футболшылардың қатарында Португалия құрамасының капитаны Криштиану Роналду бар. 41 жастағы шабуылшы алдағы әлем чемпионатындағы ең танымал ардагерлердің бірі болады. Сонымен қатар Аргентина көшбасшысы Лионель Месси де турнир кезінде 39 жаста болады.

Сондай-ақ Мексика құрамасының қақпашысы Гильермо Очоа да әлем чемпионатына қатысуы ықтимал. Егер Роналду мен Очоа мундиальда алаңға шықса, олар өз мансаптарындағы алтыншы әлем чемпионатына қатысып, ерекше рекордқа қол жеткізеді.

Ал турнирдің ең егде ойыншысы Шотландия құрамасының 43 жастағы қақпашысы Крейг Гордон болуы мүмкін. Әлем чемпионаттары тарихында одан үлкен жаста алаңға шыққан жалғыз футболшы – 2018 жылғы мундиальда 45 жасында ойнаған мысырлық қақпашы Эссам әл-Хадари.

40 жастан асқан ықтимал қатысушылар тізімінде Германия құрамасының қақпашысы Мануэль Нойер, Хорватияның жартылай қорғаушысы Лука Модрич, Кабо-Верде құрамасының қақпашысы Возинья және Уругвай қақпашысы Фернандо Муслера да бар.

Айта кетейік, 2026 жылғы әлем чемпионаты FIFA тарихындағы ең ауқымды турнир болмақ. Жарысқа алғаш рет 48 құрама қатысады. Турнир барысында 1248 футболшы бақ сынайды деп күтілуде.

Әлем чемпионаты 2026 жылдың 11 маусымы мен 19 шілдесі аралығында АҚШ, Канада және Мексикада өтеді.

 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0