16.06.2026, 10:20

50 мыңнан 5,4 миллионға: Испанияны тоқтатқан Кабо-Верде қақпашысы бір күнде әлемге танылды (ВИДЕО)

Фото: vozinha1 парақшасынан

Возинья матчтан кейін көз жасына ерік бергенін жасырмады. Оның айтуынша, бұл күнді өмір бойы армандаған.

2026 жылғы футболдан әлем чемпионатының топтық кезеңінде Испания құрамасының шабуылына тосқауыл қойған Кабо-Верде қақпашысы Возинья (Жозимар Жозе Эвора Диаш) бір түннің ішінде әлемдік жұлдызға айналды, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы. 40 жастағы тәжірибелі қақпашы Испаниямен өткен кездесуде жеті бірдей сейв жасап, өз қақпасына гол жібермеді. Оның сенімді ойынының арқасында Әлем чемпионатына алғаш рет қатысып отырған Кабо-Верде фаворит саналатын Испаниямен 0:0 есебімен тең түсті. Возинья матчтың үздік ойыншысы атанды. Матчтан кейін әлеуметтік желіде де ерекше жағдай болды. Ойын басталғанға дейін Instagram-да шамамен 50 мың оқырманы болған қақпашының парақшасына әлемнің түкпір-түкпірінен жанкүйерлер жаппай жазыла бастады. Бір сағаттың ішінде оның оқырманы 1,5 миллионға жетсе, кейін бұл көрсеткіш бірнеше миллионға дейін өсті. Жанкүйерлердің жаппай жазылуына бразилиялық танымал стример әрі спорт комментаторы Казимиро Мигелдің (Caze TV) тікелей эфир кезінде көрермендерді Возиньяның Instagram-парақшасына жазылуға шақыруы да әсер еткен. Соның нәтижесінде қақпашының аккаунты санаулы сағатта миллиондаған жаңа оқырман жинады. Возинья матчтан кейін көз жасына ерік бергенін жасырмады. Оның айтуынша, бұл күнді өмір бойы армандаған. Алайда өзін тәрбиелеген ата-әжесі өмірден өтіп кеткен, ал анасы виза мәселесіне байланысты тарихи кездесуді стадионнан тамашалай алмаған. Айта кетейік, Возинья Португалияның екінші дивизионында өнер көрсететін Chaves клубының қақпашысы. Ол Кабо-Верде құрамасының ең тәжірибелі ойыншыларының бірі саналады. Алайда Испанияға қарсы кездесуге дейін оның есімі әлемдік футбол жанкүйерлеріне кеңінен таныс болмаған еді. Бір ғана матч пен жеті сейвтің арқасында Возинья әлем чемпионатының алғашқы сенсациялық қаһармандарының біріне айналды.