16.06.2026, 16:00

«Ер азаматтарға үлгі»: Сабина Алтынбекова Головкин жайлы әсерлі жазба жариялады

Фото: offside.kz

Алтынбекова әлеуметтік желідегі парақшасында салтанатты рәсімнен кадрлар жариялады. 

Қазақстандық танымал волейболшы Сабина Алтынбекова бокстан әлемге әйгілі жерлесі Геннадий Головкиннің Халықаралық бокс даңқы залына қабылдануына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Алтынбекова әлеуметтік желідегі парақшасында салтанатты рәсімнен кадрлар жариялап, Головкиннің тұлғалық қасиеттеріне жоғары баға берді.

«Геннадий Геннадьевич – ер азаматтарға үлгі бола алатын тұлға. Отбасына, еліне және өз ісіне адал жан. Біз оны мақтан тұтамыз әрі тәнтіміз», – деп жазды спортшы Instagram желісіндегі сторисінде.

Еске салайық, АҚШ-тың Нью-Йорк штатындағы Канастота қаласында Халықаралық бокс даңқы залына (IBHOF) қабылдау рәсімі өтті. Қазақстан тарихында алғаш рет бұл таңдаулы қауымдастықтың мүшесі атанған спортшы – Геннадий Головкин болды. Енді оның есімі Мұхаммед Әли, Майк Тайсон, Флойд Мейвезер және Мэнни Пакьяо секілді бокс тарихының ұлы тұлғаларымен қатар тұр.