23.06.2026, 15:40

«Олардан қорықпаймыз»: Өзбекстан құрамасы Португалияға қарсы матчқа пікір білдірді

Фото: Getty Images

Бұл туралы команданың бас бапкері Фабио Каннаваро мәлімдеді.

Өзбекстан құрамасы Португалияға қарсы шешуші матчта соңғы минутқа дейін күресуге дайын, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Бұл туралы команданың бас бапкері Фабио Каннаваро мәлімдеді.

Өзбекстан мен Португалия арасындағы кездесу 23 маусым күні Астана уақытымен сағат 22:00-де АҚШ-тың Хьюстон қаласында өтеді.

Матч алдында өзбекстандық футболшылар Атлантадан Хьюстонға келді. Команда бұған дейін «Atlanta United Training Center» базасында дайындық жүргізген. Хьюстон әуежайында оларды жанкүйерлер қарсы алған.

Ойын алдындағы баспасөз мәслихатында Фабио Каннаваро қарсыластың ойын мәнерін жан-жақты зерттегендерін айтты.

«Португалия допты бақылауда ұстап, ойын тізгінін өз қолына алғанды ұнатады. Олар матчтың алғашқы минуттарынан-ақ жоғары қарқын ұсынып, қарсыластың қорғанысын бұзуға тырысады. Біз мұның бәрін ескердік», – деді маман.

Бапкердің сөзінше, Криштиану Роналду бастаған мықты құрамамен ойнау оңай болмайды. Дегенмен команда өз мүмкіндігіне сенеді.

«Біздің де өз жоспарымыз бар. Алаңда өз ойынымызды көрсетуге тырысамыз. Қарсыластың күшті екенін білеміз, бірақ олардан қорықпаймыз», – деді Каннаваро.

Еске салайық, әлем чемпионатындағы алғашқы матчында Өзбекстан Колумбиядан 1:3 есебімен жеңілген болатын. Сондықтан келесі кезеңге шығу мүмкіндігін сақтау үшін командаға Португалиямен ойында кем дегенде тең нәтиже қажет.

«Біз қолымыздан келгеннің бәрін жасап, соңғы секундқа дейін күресеміз», – деп түйіндеді Өзбекстан құрамасының бас бапкері.